Bugin
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comРесей мен Украина арасында кескілескен ұрыс болып жатқанынан хабардар боларсыз. 1941 жылдан кейінгі соғыс деген түсінікті осы мемлекеттер көз алдымызға тірідей әкеліп отыр. Бұған дейін «үшінші дүниежүзілік соғыс» деп «ақпараттық соғысты» атап келдік. Алайда бұл бергі жағы ғана екен.
Путин неге қол қойды?
Технология дамыған заманда соғыс болып жатқандықтан, ақпараттық шабуылдардың болуы да заңды. Отандық және шетелдік БАҚ-тан бірде Украинаның президенті Зеленский Киевте емес, оны эвакуациялап алып кетті деген ақпаратты оқысақ, енді бірде Ресей президенті Путиннің «есінен адасқан басшы» екенін біліп жатырмыз. Бұл, әрине, ақпараттық шабуыл. Осы орайда Владимир Путин қарап қалмай, елдің қарулы күштері туралы «жалған» ақпарат таратқандарды 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын заң жобасына қол қойып үлгерді. Яғни, Ресей әскері туралы фейк таратқан адам 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл «жалған» ақпарат тарату тұрғысындағы ең ауыр жаза екен. Әрине, егер жалған ақпарат ауыр зардаптарға әкеп соқтырса ғана 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Жалпы фейк деген не?
Ал енді жалпы «фейк деген не?» деген сұраққа жауап берсек. Фейк дегеніміз – интернетте таралып кеткен кез келген жалған ақпарат. Ол ақпаратты біреулер қасақана немесе абайсызда таратуы мүмкін. Фейк ақпарат деп тек мәтін түріндегі ақпаратты емес, видео, фотоны да айта аламыз.
Біле білсеңіз, фейк ақпарат, жалпы фейк деген түсінік бұрын бізде болмаған. 2017 жылы ғана қолданысқа енген екен. Сол кезден бастап қазақ аудиториясына фейк деген жаңа түсінік кірген. Оның да сол жылдары кең таралу себептері бар болып шықты.
2017 жылдың басында Ресейде «фейк ақпарат» термині жылдың ең көп қолданылған сөзі атанған. Бір жылдың ішінде бұл сөзді халықтың қолдануы 365%-ға дейін өскен. Бұл сөз Ресейге қалай келді? «Фейк ақпарат» деген түсінікті Дональд Трамп сәнге айналдырған болып шықты. Ол Президент ретінде өткізген алғашқы баспасөз мәслихатында CNN телеарнасын жалған жаңалықтар таратты деп айыптап, журналисіне сұрақ қойғызбаған. Оның фейк ақпарат деп отырғаны – Ақ үй мен Ресей арасындағы байланыс туралы ақпарат.
Содан бері Трамп бұл тіркесті Мәскеудің сайлауға араласқаны туралы сыни ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасаған кезде он шақты рет пайдаланған болып шықты. Сонымен қатар ол CNN-нен басқа NBC, The New York Times және The Washington Post либералды басылымдарын жалған ақпарат таратты деп айыптады. Ол жалғыз сенімді ақпарат көзі ретінде өзінің Twitter желісін атады. Тіпті, Twitter-де оның арнайы «#fakenews» хештегі де бар.
Осы жағдайдан кейін «фейк ақпарат» деген тіркесті басқа саясаткерлер де қолданысқа енгізді. Ресейлік үкімет мүшелері де бұл сәннен қалыс қалмады. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков, министрліктің баспасөз хатшысы Мария Захарова да бұл терминді жиі қолданып жүрді.
«Бұның Қазақстанға қатысы қандай?» деп ойлап жатырсыз ба? Онда жауап берейін. Әлемдік стандарт бізде де қалыс қалған жоқ. Оған дейін де фейк, Fact-Checking терминдері журналистер арасында қолданылып келгенімен, халық арасында осы жылы кең таралды. Бұл сөзімізді отандық алғашқы факчеккинг жасайтын Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы Думан Смақов та қуаттайды.
Оның айтуынша, Fact-Checking термині Қазақстанға 2017 жылы ғана келді.
«Алғашқы кез бен қазіргі кездің айтарлықтай айырмашылығы бар. Қазіргі кезде сайттар, шенеуніктер мен пікір айтушы адамдар, депутаттар мен министрлердің барлығы қандай да бір уәждемені аса мұқияттылықпен жасайтын болған. Десе де қазіргі төтенше жағдайға байланысты кейбір телеарналар мен сайттар (ақпараттық агенттіктер мен газет-журналдар) жалған ақпаратқа алданып, таратып жатыр.
Қазіргі жағдай 2017 жылмен салыстырмалы түрде қараған кезде көш ілгері. Оқырмандар фактчекті іздеп оқитын, журналистер фактчекке қарап материалдарын түзейтін болды», – дейді ол.
Оның айтуынша, отандық фактчек әлемдік деңгеймен салыстырғанда, көшке ілесіп келеді.
Қазақстанға бұл терминнің қайдан және қалай келгені енді түсінікті болған шығар.
Фейкке сенетін сіз бен біз ақымақпыз ба?
Ең алдымен, фейкке сенуіміз – жалған ақпаратты шынайы ақпараттан ажырата алмауымыздан. Яғни, надандықтан. Неге «надандық» деп ауыр сөйлеп тұрғанымды қазір түсінетін боласыз. Біз зерттеуге ұмтылмаймыз. Мысал ретінде 19 жастағы Мақсат деген жігітті алып көрейік. Ол – студент, Астана қаласында ЕҰУ-да білім алады. Instagram желісінде отыр еді, алдынан «студенттердің стипендиясы 50%-ға өседі екен» деген ақпарат шыға келді. Ол оқиды да, оны группасының группасына жібереді. Группаластары мәз болып, басқа да студенттерге таратып үлгереді. Арасында толықтай мәтінді емес, жай ғана тақырыпты оқығандары да бар. Арада 2 ай уқыт өтеді. 1 айдан кейін көтеріледі деген стипендия тура баяғыдай. Оларда осы сәтте үкіметке деген сенімсіздік пайда болады. Өздерінің ақпараттың рас, өтірігін тексермегендіктерімен хабарлары жоқ. Сөйтсе олардың оқып жүргені ресми мәлімет емес, осыдан 3 жыл бұрын шыққан ақпарат болып шығады. Жай ғана уақыты өзгертілген. Қандай деңгейде екенімізді көрдіңіз бе?! Егер олар бұл ақпаратты зерттеп, ресми дереккөздерді іздегенде мұндай жағдайға душар болмас еді. Осындай жағдайда ҚР білім және ғылым министрлігінің ресми сайтын немесе ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің facebook желісіндегі парақшасын ақтарып қарасаңыз, өз сұрағыңызға жауап табасыз. Өйткені олар болып жатқан маңызды жаңалықтарды назардан тыс қалдырмай, халыққа хабарлап отырады.
Екіншіден, халыққа ресми сайттарға қарағанда көрші Бәтиманың айтқаны сенімдірек. Яғни, сенімнің азаюынан. Барлығымыз WhatsApp-та бармыз. Ағайын-туыс, көрші-қолаңмен осы желіде сөйлесеміз. Ал фейк ақпараттың да негізгі тарайтын жері – дәл осы алаң. Өйткені ағайын мен көрші бір-біріне жақсы болсын деген ниетпен, бір жамандықтың алдын аламын деп өзі көріп қалған кез келген ақпаратты группаға салып кеп жібереді. Оның қашан шыққаны, қайда пайда болғаны маңызды емес. Маңыздысы – группада бөлісу ғана. Ал халық жақсыға қарағанда, жаман нәрсені бөліскенге бейім келеді. Басқалар да осылайша жаңағы ақпаратты өзі бар группаның бәріне бөлісіп шығады. Біз де соған сенеміз. Себебі көрші Бәтима айтып жатыр ғой. Одан бөлек ол қазақша өте түсінікті етіп жазып жіберді. Дәл сол нәрсені ресми сайттардан оқысаң, түсініксіз болып кетеді. Бұл жерден отандық БАҚ-тың ақпаратты жазуы мен бөлісуіндегі олқылықтар деген жаңа проблема шығып кетеді. Айтайын дегенім ол емес. Бұдан шығатын қорытынды - халық ресми тілге емес, ауызекі сөзге сенеді.
Тізбектеп айта берсек, фейкке неге сенетініміздің себебі шыға береді. Зерттеуге ерінетініміз бар. Одан да көрген ақпаратты жібере салған оңай. Өсек әңгімеге жақынбыз. Азғындық бар, ешкім саған жақсы болсын демейді. Осылайша себептер жалғаса береді.
«Фейкке неге сенеміз?» және «фейкті неге таратамыз?» деген сұраққа жауап бірдей секілді. Сеніп отырған да, таратып отырған да бірдей болып тұр бұл жерде.
Ресейдің заңы Қазақстанға әсер ете ме?
Путин қол қойған «жалған» ақпарат таратқандарды 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын заң Қазақстанға әсер етпейді. Өйткені бұл – халықаралық заң емес. Ол тек Ресей азаматтарына қатысты болып шықты. Жалпы барлық әлемге арналған заңдар мен құқықтық нормалар бар. Бірақ дәл осы Ресей президенті қол қойған заң әлемдік емес.
Жалпы алып қарайтын болсақ, ҚР Қылмыстық кодексінде де жалған ақпарат таратуға байланысты баптар бар. Мысалыға, 274 баптың 1-тармағында:
«Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - делінген.
Бұл заң, бұл бап ҚР-да тұратын кез келген адамға қатысты. Бұдан ҚР қылмыстық кодексінің бізге ғана күші болатыны секілді, Путин қол қойған заңның Ресейде ғана күші бар деген қорытынды шығаруға болады.
Фейкке қалай сенбеуге болады?
Фейк ақпаратқа сеніп қалмауыңыз үшін лайфхактар тізімін ұсынбақпыз. Бұл лайфхактарды factcheck.kz сайты ұсынып отыр.
«Қай дереккөздерді оқыған дұрыс:
Сіз оқыған ақпарат емес, оны қалай оқитыныңыз маңызды. Мысалы, «Звезда» телеарнасының жарияланымынан шын ақпаратты ала аласыз, ал «Новая газета» сайтында ақпараттың бұрмалануына немесе расталмаған мәлімдемеге кезігуіңіз мүмкін.
Төмендегі ережені әскери не азаматтық қақтығыста пайдалануға болады:
1. Мәтіндегі лексикаға мән беріңіз: әскери жағдайда да сапалы журналистика бейтарап стильде жазуға тырысады. Мәтінде «фашистер», «нацистер», «террорист» деген секілді сөздер кезіксе, сізді алдауға не ақпаратты бұрмалауға тырысып жатыр деуге болады.
2. Публицистерді емес, оқиға орынынан ақпарат таратып жүрген репортерлердің дерегін көруге және оқуға тырысыңыз. Медиафайлдарды тексеріңіз, сурет шынымен сипаттамаға сәйкес пе? Ұсақ-түйекке де мән беру маңызды.
3. Қақтығыстың екі жағы мен үшінші тараптың ресми органдарының жедел деректеріне күмәнмен қараңыз: соғыс уақытында деректердің рас болмауы және тез өзгеруі, сондай-ақ жалған болуы мүмкін. Нақты дерек қақтығысқа қатыспайтын халықаралық ұйымдарда болуы мүмкін.
4. Аноним арналарға сенбеңіз.
5. Есіңізде болсын: соғыс өлімге әкеледі. Сіз сияқты адамдардың өліміне. Ақпараттық снарядтар кейде зымыран соққысы сияқты ауыр болуы мүмкін.
«Путин қол қойған заң Қазақстаға әсер ете ме?» деген сұраққа жауап алған боларсыз. Ол әсер етпейді екен деп фейк ақпарат таратуға да болмайды. Өйткені мұндай заң отандық Қылмыстық кодексте де бар. Әлеуметтік желіде немесе ауызекі тілде ақпарат таратқанда абай болу керек бұл заманда», - делінген материалда.
Ақмарал БЕРЕКЕТ
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61