Bugin
Ербол Әліқұлов Қарағанды облысы әкімінің әлеуметтік сала, ішкі саясат және қоғамдық даму жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек аппараттық кеңесте мәлімдеді.
"ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Әліқұлов Ербол Шымкентбайұлы облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін ол ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы лауазымында Қарағанды облысына жетекшілік етті. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерімен жақсы таныс", – деді облыс әкімі.
Әкім орынбасары лауазымында Ербол Әліқұлов білім беру, мәдениет, спорт, жастар саясаты, тілдерді дамыту салаларына жетекшілік ететін болады.
Ербол Әліқұлов мемлекеттік қызметте түрлі қызметтер атқарды.
Алматыда Түрксіб және Алмалы аудандары әкімінің орынбасары, Жетісу ауданының әкімі қызметтерін атқарды. Кейін Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы болды, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде басшылық қызметтерді атқарды. 2017 жылғы маусымнан бастап осы уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді.