Bugin

ЕАЭО пен Қытай арасында ортақ валюта бола ма? – министр жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ЕАЭО пен Қытай Халық Республикасы арасында тәуелсіз халықаралық валюта-қаржы жүйесін құру жобасын әзірлеу бойынша түсініктеме берді. Бұл жайлы Tengrinews.kz жазды. 

Министр қаржы министрлігінің күн тәртібінде мұндай мәселенің тұрмағанын айтады.

"Министрлік деңгейінде мұндай мәселе күн тәртібіне тұрған жоқ. ЕАЭО шеңберінде күн тәртібіне тұрған мәселелерді талқылайтын ведомствоаралық органдар, мемлекетаралық органдар сынды арнайы алаңдар бар. Бұл алаңда да мұндай мәселе талқыланған емес. Сондықтан бұл – жалған ақпарат болуы мүмкін", - деді Жамаубаев Үкімет кулуарында.

Министр қазақстан азаматтарын ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

"Ақорданың, Үкімет мен мемлекеттік органдардың Telegram-арналары бар. Сондағы ақпаратқа ғана сенуге шақырамын", - деді министр.

Айта кетейік, кеше бұқаралық ақпарат құралдарында Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай Халық Республикасы арасында ортақ валютаға негізделген тәуелсіз халықаралық валюта-қаржылық жүйе дайындалып жатыр деген ақпарат тараған еді.

Аталмыш материал Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында жарияланған еді. Жаңалық астана уақытымен 23:51 кезінде eaeunion.org сайтынан өшірілді.