Bugin

Қазақстандық миллиардер Қадыровтың зәулім үй салуына демеушілік жасады (фото)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Fincraft Group холдингінің президенті Кеңес Рақышев пен Рамзан Қадыровты не байланыстырады? Қазақстандық миллиардер Шешен Республикасының басшысына Грозныйдың орталығында (Шешен Республикасы) сарай салу үшін қанша ақша төледі? Бұл туралы ақпаратты Bugin.kz порталы agents.media сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Дереккөздің айтуынша, Рамзан Қадыровтың әкесі Ахмат-Хаджи Қарағандыда туған. Оның ата-бабалары КСРО-дағы сталиндік қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға жер аударылған. Ахмат-Хаджи Шешенстанға алты жасында оралып, Рамзан сонда өскен. Алайда, Қадыровтар одан кейін де Қазақстанмен байланысын үзбеген.

- «Біз көп жылдар бойы нағыз дос әрі ағайын болып араласып келеміз. Ал достығымыздың лауазым мен қаржылық жағдайға еш қатысы жоқ», - деп жазды Рамзан Қадыров Кеңес Рақышев туралы.

Рақышев Қадыровты насихаттау мақсатында Шешенстанда қоғамдық шаралар ұйымдастырған. 2011 жылдың қазан айында атақты актер Жан-Клод ван Дамм Грозныйға ұшып келген кезде, оның сапарын қазақстандық кәсіпкер қаржыландырған.

2007 жылы Қадыровты ұлықтау рәсімінен кейін Грозныйда оның резиденциясының құрылысы басталды. Кешеннің ауданы 64 мың шаршы метрді құрайды, 36 гектар көгал, екі мыңға жуық ағаш, сегіз гектар гүлзар және 16 мың раушан бұталары бар.

- «Шешенстан билігі осы сұлулықты күтіп-баптау, қоқыс шығару және жеке өсімдіктерді сатып алу үшін бюджеттен 84 миллион рубль немесе сол кездегі бағаммен шамасы 2,7 миллион доллар төлеуге дайын болды», - деп жазады агенттік.

Алайда, тергеу деректері бойынша, резиденцияның құрылысына мемлекет бюджеті жетпейді. Ал, Рақышев оны ішінара қаржыландырған болып шықты.

Сарайды словениялық OMNIA ARHING компаниясы салған және итальяндық OAK Industria Arredamenti жиһазбен жабдықтаған. Соңғысы 3100 шаршы метрлік «президенттік» қабаттың жобалық жобасын ұсынды. Эскиз 500 мың еуроға бағаланды. Одан әрі Рақышевқа Қадыровтың кеңсесі мен кітапханасын жайластыру мен жабдықтауға тағы 2,4 миллион еуроға сметалық құжат жіберілді.

Кейінірек OAK Industria президенті Ренато Полонья олардың фирмасы тапсырыс берушінің тез қимылдауын талап етуіне байланысты келісімшарттан бас тартқанын мойындады. Дегенмен, жұмыстың бір бөлігі аяқталып, Рақышев жобаға 350 мың еуро төледі.

Сарайды басқа компаниялар - Cappelletti srl, Jumbo collection group, Asnaghi Interiors SpA және OAK S.r.l аяқтады. Қазақстандық миллиардер кешенді одан әрі қаржыландыруға қатысты ма, жоқ па белгісіз.