Bugin

«Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы 6,2 миллиард доллар инвестиция тартылмақ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовті қабылдады. Бұл туралы Bugin.kz порталы Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) былтырғы атқарған жұмыстарының қорытындысы, сондай-ақ шетелдік юрисдикциядан Қазақстан Республикасына капиталды қайтару және компанияларды елімізге қайта тіркеу жөніндегі тапсырмалардың орындалуы туралы есеп берілді.

Президент аталған үдерістердің аса маңызды екеніне назар аударып, олардың жүзеге асырылуы Қазақстанға ірі активтердің қайтарылуын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар Қаржы орталығының аймақтық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсететінін атап өтті.

Қайрат Келімбетовтің айтуынша, қазіргі кезде АХҚО-да әлемнің 63 елінен 1236 компания тіркелген. Осы Орталық арқылы тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 6,2 миллиард долларды құрайды. АХҚО-ның Astana International Exchange (AIX) биржасы арқылы 321 миллион долларға жуық акционерлік капитал мен 1,65 миллиард долларды құрайтын борышкерлік капитал тартылған. 18 қазақстандық және 11 халықаралық брокер АХҚО биржасының сауда жөніндегі мүшесі саналады.

Мемлекет басшысына АХҚО-ның қаржы қызметтерін реттеу комитетінен лицензия алған компаниялардың саны былтыр екі есе өсіп, 46-ға жеткені туралы мәлімет берілді. Өткен жылы AFSA ислам банкіне және ислам қаржыландыру компаниясына алғаш рет лицензия берді. Бұдан бөлек АХҚО соты және Халықаралық арбитраж орталығы бірлесе отырып, 1000-нан астам даулы істерді қараған.