Weekend
Алтай шипажайы
«Алтай» деп аталатын ерекше шипажай Катонқарағай ауылындағы аудандық аурухананың базасында орналасады.
Бұл жағымды жаңалық ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде айтылды.
«Ертең Катонқарағай ауданына іссапармен барып жұмыстар барысымен танысамын. Жергілікті кәсіпкерлердің ұсынысымен ол жерде халық медицинасы орталығын құру жоспарланып отыр. Катонқарағай ауданында балшықпен, пантымен емдеу, фитотерапия сияқты ем түрлерін сапалы түрде қолдануды ойластырудамыз. Ол жердегі дәрігерлер келушілерге барлық медициналық қызмет түрлерін көрсетіп, кімге қандай ем түрі қажет екенін белгілей алатындай болуы қажет», - деді тұрғындар алдында есеп берген облыс әкімі Даниал Ахметов.
Шығыс Қазақстан туризм саласын, оның ішінде медициналық туризмді дамытуға жіті көңіл бөліп отыр. Катонқарағай аудандық ауруханасы базасында ұйымдастырылғалы жатқан «Алтай» шипажайында халықтық медицина, шөппен емдеу, қымызбен емдеу, батпақпен емдеу кабинеттері қызмет көрсетпек. Сонымен қатар, осы шипажайда оңалту бөлімі де ашылмақ.
Жаңа шипажай үш жұлдызды стандартқа сәйкес болмақ, жоба бойынша мұнда бір мезетте 90 адамға дейін емделе алады.