Bugin
Қызылорда облысында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде экстремистік мазмұндағы материалдарды насихаттаған ер адам сотталды. Бұл туралы Қызылорда облыстық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы inform.kz-ке сілтеме жасап.
Олардың мәліметінше, Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департамент қызметкерлері бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізілген. Нәтижесінде, ел аумағында сотпен тыйым салынған «Хизб-ут-Тахрир» діни экстремистік ұйымын жақтайтын облыс тұрғыны қолға түсті.
40 жастағы тұрғын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өзімен сөйлескендерге экстремистік мазмұндағы материалдарды насихаттаған екен. Күдіктінің іс-әрекетінде құқық бұзушылықтың белгілері байқалған.
«Оған қатысты облыстық Полиция департаменті тарапынан ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабының 1-бөлігімен тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілді. Онда қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке не өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бола тұра, олардың қызметiн ұйымдастыру жағдайы көрсетілген. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылды. Оған үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.