Bugin
ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жаңа облыстарды құру туралы құжаттар қай кезде рәсімделетінін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Президент нақты тапсырма берді. Оны бірінші жартыжылдық аяқталғанша жасау керек. Қазір ұйымдастару шаралары басталып кетті. Іс-қимыл алгоритмі де бар. Қайта құрылатын облыстардың өкілдері ұлттық экономика министрлігіне келді. Дәл қазір біз бірлесіп аумақтық бөлу мәселесін талқылап жатырмыз», - деді Қуантыров.
Оның айтуынша, ең соңында президенттің арнайы қаулысы әзірленеді. Осылайша маусым айы аяқталғанға дейін барлық ұйымдастырушылық жұмыс аяқталады деген жоспар бар.
Министр журналистердің «жаңа облыстар жартыжылдықтың соңында құрыла ма?» деген сұрағына да жауап берді.
«Иә, солай деп айтуға болады. Қаулының жобалары дайын болады. Кейін президент шешімі қабылданады», - деді Қуантыров.
Сонымен қатар ведомство басшысы қазір жаңа облыстарды құруға қажет қаражат есептеліп жатқанын да айтып өтті.
«Қазір қажетті ақша көлемі есептеліп жатыр. Бізде оған қажетті резерв бар. Қазіргі бюджеттің көлеміне сыйғызуға тырысамыз. Бірақ қажет болса, қосымша ақша бөлінеді. Өйткені жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктер пайда болады. Әкімдіктер, аудандар құрылып, штаттар саны бекітіледі. Оның бәріне резервіміз бар. Орталықтың, нақты айтқанда Мемлекет басшысының бастамасы болғандықтан, қажет болса республикалық бюджеттен қосымша ақша бөлінеді», - деді министр.
Айта кетейік, 16 наурызда жолдау барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш жаңа облыс құрылатынын айтты. Семей аймағында Абай облысы, бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы құрылады. Сонымен қатар Алматы облысының қазіргі территориясы екіге бөлініп, екі облыс болмақ.