Қоғам
ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрі Асқар Умаров халықты Қазақстанда әлеуметтік желілер бұғатталмайтынына сендірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Заң тек балаларды кибербуллингтен қорғауға бағытталған, деді министр. Әлеуметтік желілердің бірінде баланы қорлау болса, министрлік оны жою үшін әкімшілерге хабарласады.
«Заңға сәйкес әлеуметтік желіде адамның парақшасы жабық болуы керек. Әлеуметтік желі әкімшілері мұнымен келіседі. Біз заң бойынша жұмыс істейміз», – деді Умаров журналистердің сауалына.
Алайда БАҚ өкілдері мен қазақстандықтар бұл заң елдегі цензураны күшейту үшін қолданылады деп қауіптенеді.
«Бұл цензура емес. Әлеуметтік желілерді ешкім бұғаттамайды. Екіншіден, министрліктің әлеуметтік желілерді бұғаттауына құқы жоқ. Бала құқығын қорғау мәселесіне келгенде әлеуметтік желі өкілдерімен хабарласамыз. Мысалы әлеуметтік желілерде оқушы қыздардың суреттері жарияланып, жаман сөздер айтылып жатқанын білеміз...», - деді министр.
Мәжіліс парақша иелерін билік балаларды киберқорлау деп санайтын кез келген жазбаны 24 сағат ішінде жоюға міндеттейтін заң жобасын мақұлдады.
Айта кетейік, мамандар Қазақстанда әлеуметтік желілерді бұғаттаудан келетін шығынның 5 миллиард доллар екенін айтты.
Заң жобасы авторларының бірі, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қазақстандықтарға әлеуметтік желілерді бұғаттаудан қорықпау керектігін де айтып өтті.