Bugin

Украинаға барып қырылған «Қадыр жасағы» Шешенстанға қайтып кетті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей армиясына қосылу үшін Украинаға ұшып барған Шешенстан президенті Р.Қадыровтың арнайы жасағы – «Ұлттық гвардияның» бір бөлігі қырылып, бір бөлігі еліне қайтып кетті. Мұны Украина Қарулы Күштерінің Барлау қызметі анықтады. Бұл жайлы Радіо Свобода жазды.

Барлау қызметінің мәліметінше, Украинада жүрген «Қадыровтың төлеңгіттері» 13 наурыз күні Беларусь еліне өтіп, содан Шешенстанға ұшып кеткен екен. Яғни, содан бері бір аптадай уақыт өткен.

Украинаның барлау қызметі шешеннің бірнеше жүз (кем дегенде, 200-ден астам) жауынгері мерт болғанын бұған дейін де хабарлаған еді. Қайтыс болғандардың арасында атақты командирлер де бар. Солардың бірі Киев қаласының түбінде мерт болды. 27 ақпан күні Шешенстан Росгвардиясына қарасты 141-полктің қолбасшысы Магомед Тушаев қаза тапты.

Ал Украинаға территориясына қанша шешен жасағы келді дегенге Барлау қызметі «26 ақпан күні 450 қадыр жасағы Гостомель әуежайына келіп қонбақ болды, бірақ оның жартысы сол жерде қырылып қалды» деп жауап берген. Ал жерге қонған қалған жауынгерлер 27-28 ақпан күндері ұрыс даласында көз жұмған.

Одан кейін шешен жасақтары қайта Украинаға кіргенге ұқсайды. Украина барлау қызметінің мәліметінше, 4 наурыз күні Беларусь жерінен Чернобыль аймағына 1200 шешен жасағы енген. Бұл жасақтың құрамында "Север" (қолбасшысы Магомед Тушаев, қаза тапты), "Юг" (Хусейн Межидов) және ОМОН "Ахмат-Грозный" (Анзор Бисаев) батальондары болған.

Бұл топ Киев түбіндегі Бородянка ауылына жетіп орналасқан. Топтың бас қолбасшысы – Рамзан Қадыровтың көмекшісі, ФСБ жасағында болған Даниил Мартынов.

Сол жақта - Магомед Тушаев, оң жақта - Даниил Мартынов

Барлау қызметінің айтуынша, бұлар да соғысып қарық қылмаған. Тіккен лагерьдің маңында оқ-дәрі жарылып, жасақтың жартысы сол жерде жермен жексен болған. Ал қалғандары украина әскерімен соғысудың орнына жергілікті ауылдың (4 ауылды) жұртын тонап, зорлық-зомбылық көрсеткен. Одан қалса, «ұрыс даласында жүргенін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салған».

Рамзан Қадыров болса, өз кезегінде шешен жасағынан екі адам қаза тауып, алты адамның жараланғанын ғана айтты. Ал шешен сарбаздары еліне қайтқан-қайтпағанына қатысты әзірше түсініктеме бере қоймады.

Одан бөлек, Рамзан Қадыров Киев маңындағы жертөледе әскерімен кеңесіп жатырмын деп видео таратқан еді. Бірақ Украинаның барлау қызметі бұл видеоның 13 наурыз күні түсірілгенін, бірақ Қадыровтың сол күні Украинада болмағанын әрі мұны пиар үшін түсіргенін анықтады. Шешен сарбаздары дәл осы күні – 13 наурыз күні Грозныйға қайтып кеткен.