Bugin
Салық органдары қазақстан азаматтарына көлік салығын 1 сәуірге дейін төлеуді ескертеді. Төленбесе, кешіккен әрбір күнге өсімпұл қосылмақ.
Қанша салық төлейтініңізді Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан көруіңізге болады.
Kolesa.kz-тің жазуынша, салықты екінші деңгейлі банктердің бөлімшесіне немесе поштаға барып төлеуге болады, сондай-ақ банктердің мобильді қосымшасы немесе e-Salyk-Azamat мобильді қызметі арқылы да есеп айырысуға мүмкіндік бар. Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті салық автокөлік есепте тұрған жер бойынша емес, көлік иесінің тұрғылықты мекенжайы (тіркелген) бойынша төленетінін айтады.
Салық уақтында төленбесе, әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл қосылады. «Ұмытшақ» тұрғындардың ісі арнайы бұйрық бойынша сот орындаушысының қолына өтеді. Ал олар салық төлемеген азаматтан қарыздың әрбір тиынын (оған қоса өздерінің жұмыс ақысын) өндіріп алады. Қарызды қайтару үшін борышкердің мүлкі мен банктегі шотын бұғаттап, шетелге шығуына шектеу қояды. Сонымен қатар салықтан жалтарған азамат қарапайым банк қызметін де ала алмайды, атап айтқанда, банктен шот ашу, аударым жасау және несие алу мүмкін емес.
Сұрақ немесе қандай да бір даулы жағдай туындаса, көлік иелері 1414 телефоны арқылы байланыс орталығына жүгіне алады.