Әлем
Украина президенті Владимир Зеленскийдің Владимир Путинмен кездесуі келіссөз аясында кейбір құжаттар әзірленген кезде мүмкін болады. Бұл туралы ОПУ басшысының кеңесшісі Михайло Подоляк ВВС Украинаға берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы slovoidilo.ua сайтына сілтеме жасап.
Ол кез келген іргелі шешімдер екі ел президенттерінің кездесуінде ғана қабылданатынын баса айтты. Сондықтан Зеленский мен Путиннің кездесуі «бейбітшіліктің кілті» болмақ.
«Ол дайындалып жатыр, бұл кездесуді ұйымдастырғысы келетін серіктестерімізбен қарым-қатынасымыз бар, соғыстың қызу кезеңін тоқтатуға мүдделі елдер көп. Келіссөздер барысындағы жұмыс топтары кейбір алдын ала құжаттарды әзірлеп, президенттердің қарауына бергенде, бұл жеке-жеке талқылауға болатын «жол картасы» ма, жоқ па, соны бағалайды. Сонда бұл кездесу болуы мүмкін», - деді Подоляк.
Подоляк кездесудің қашан өтуі мүмкін екенін нақты айтуға дайын емес.
Естеріңізге сала кетейік, Владимир Зеленский Путинмен тікелей келіссөздерге дайын екенін бірнеше рет айтқан болатын.