Bugin
Каспий құбыр консорциумының жарылуына байланысты Қазақстанның мұнай экспорты азаюы мүмкін. Алайда көп емес, кішкене ғана. Осылай деп түсініктеме берді елдің энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, Қазақстанда мұнай кен орындарының жөндеуден өтетін белгілі бір уақыттары болады. Кейбірі 40 күн, кейбірі 50 күн жөнделуі мүмкін.
"Соған байланысты кен орындарының өндірістік қуаты уақытша тоқтап, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан мұнайдың экспорт көлемі түсіп кетеді деген жоқ. Сондықтан КТК-ның жөндеуі де 1-1,5 айға созылуы мүмкін. Ал мұндай жөндеу уақытында мұнай өндірісі азая қоймайды", - деп түсіндірді Болат Ақшолақов Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, қазір мұнай бағасы қымбат, 120 долларға дейін жеткен. Ал Қазақстанның бюджеті 60 доллар есеппен бекітілген. Сондықтан биыл ел қазынасы біршама толығатын көрінеді.
"Сол себепті КТК-ның жарылуы ел экономикасына аса зиянын тигізе қоймайды", - деп түсіндірді министр.
Айта кетейік, кеше Қазақстанның мұнайы Еуропаға қарай тасымалдауға арналған Каспий мұнай құбыры жарылып, жұмысы уақытша тоқтады деген хабар тараған еді. Алайда сарапшылардың айтуынша, құбырдың жарылғаны рас, алайда құбырмен кететін мұнай көлемі азайған жоқ, құбыр әлі жұмыс істеп тұр деген еді.