Bugin
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіш пен Алматының бұрынғы әкімі, бұрынғы Nur Otan партиясы төрағасының экс-бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қамауға алынуы мүмкін. Бұл туралы «EGOV.PRESS» Telegram-арнасы хабарлайды, деп жазады Bugin.kz порталы orda.kz сайтына сілтеме жасап.
«Дереккөз Самат Әбіш пен Бауыржан Байбектің жақында зынданға (абақтыға – ред.) түсуі мүмкін екенін хабарлайды», - делінген хабарламада.
Дегенмен әзірге бұл туралы ресми мәлімдеме жоқ.
Бұған дейін, Самат Әбіштің туған ағасы Қайрат Сатыбалды мен оның бұрынғы жұбайы Гүлмира қамауға алынғандығын хабарлағанбыз.
Сонымен қатар Самат Әбіштің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов ҰҚК басшысы қызметінен босатылып, мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен қамауға алынды. Оның орнына Ермек Сағымбаев тағайындалды.
Сондай-ақ ҰҚК басшысының орынбасарлары – Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин де қызметтерінен босатылды. 13 қаңтарда Мәсімовтің де билікті күшпен басып алуға және билікті асыра пайдалануға бағытталған әрекеттерімен күдікке ілінгені белгілі болды. Садықұлов пен Ерғожиннің ұсталғаны туралы да белгілі. Кейін Мәсімов пен Садықұловты сот қамауға алып, іс «құпия» санатқа жатқызылғаны айтылды.
8 ақпанда ҰҚК «Арыстан» арнайы қызметінің директоры мен осы қызмет орталығының басшысы ұсталғаны, ал 23 ақпанда комитет басшысының тағы бір бұрынғы орынбасары Марат Өсіповтың ұсталғаны белгілі болды.