Әлем
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Ресей бұдан былай энергия ресурстарын құрлықты бопсалау үшін пайдалана алмайтынын айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Еурокомиссия төрағасы Ресей өзінің энергия ресурстарымен Еуропаны бопсалай алмайтынын және мұнай мен газ жеткізу үшін рубльмен төлеуді талап ету арқылы санкцияларды айналып өтуге жол берілмейтінін айтты. Өйткені бұл - санкциялар режимін іс жүзінде бұзу болады.
«Бұл біржақты шешім әрі шартты анық бұзу, бұдан бөлек санкцияларды айналып өту әрекеті болар еді. Ал біз санкцияларды айналып өтуге жол бермейміз. Энергияны бопсалауға жұмсайтын уақыт өтті», - деді ол.
Бұл арада Литваның Ignitis мемлекеттік газ компаниясы Газпромнан газ сатып алуды тоқтататынын және үкіметтік ресейлік концернге ешқандай төлем жасамайтынын мәлімдеді. Компания өкілдері Ресейден газды рубльге сатып алмаймыз деп түсіндірді. Өйткені келісім шартта «еуродан басқа валютада төлеу мүмкіндігі қарастырылмаған».
Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Артурас Кетлерюстың айтуынша, жыл басынан бері Ignitis Литва қажеттіліктері үшін Газпромнан газ сатып алмаған. Дегенмен газдың бір бөлігі Латвия және Эстония тұтынушылары үшін сатып алынды және Латвиядағы Инчукалнс қоймасында сақталады. Оның айтуынша, 2021 жылы Газпромнан сатып алынған газ Ignitis-тің барлық газ қоржынының үштен бірінің аз бөлігін құраған.
Бұл шешімді Словения премьер-министрі Янез Янша қолдады. Саясаткер 23 наурызда президент Владимир Путин талап еткендей, Еуропа ресейлік газды рубльмен төлемейтінін айтты.
«Еуропада рубльдің қандай екенін ешкім білмейді деп ойлаймын. Ешкім рубльмен төлемейді», - деді премьер-министр.
Бұл ақпаратқа қатысты Италия премьер-министрі Марио Драги де пікірін айтты. Оның айтуынша, көгілдір отын үшін төлемдерді рубльге аудару «келісімшарттарды бұзу» болар еді. Германия канцлері Олаф Шольц та төлем валютасы келісімшарттарда көрсетілгенін айтып, рубльмен төлем жасаудан бас тартты.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин көгілдір отынды Еуропа елдері мен АҚШ-қа рубльге сату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген болатын.