Bugin

Алмазбек Атамбаевтың түрмеде азапталып жатқаны расталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Азаптаулардың алдын алу орталығы Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты қорлау фактілерін растады. Бұл туралы ұйым аудит қорытындысы бойынша хабарлады. Бұл жайлы қырғыз баспасөздеріне сілтеме жасап Orda.kz жазды.  

Қылмыстық іс қаралған күні 23 наурызда Алмазбек Атамбаев денсаулық жағдайына байланысты сот отырысына қатысудан жазбаша түрде бас тартқаны және бас тарту туралы жазбаша арызын басшының кезекші көмекшісіне тапсырғаны айтылған.

Алайда, бұған қарамастан мекеменің 10 қызметкері оған күш қолданып, сырт киімсіз және аяқ киімсіз көшеге шығарып, тәртіп сақшыларына тапсырған. Ал олар оны арнайы көлікке отырғызып, сотқа күштеп әкелген.

Ұлттық орталық қызметкерлері Алмазбек Атамбаевпен әңгімелесу кезінде оның аяғы мен қолынан көгерген жерлерді анықтады.

Кезекшінің көмекшісі бұрынғы мемлекет басшысының сотқа қатысудан бас тартқаны туралы жазбаша арызы мен №47 мекеме қызметкерлері жасаған акт қарауыл бастығына тапсырылғанын айтты.

Алмазбек Атамбаевтың жеке ісіндегі материалдарды зерделеу кезінде оның жазбаша арызы, сондай-ақ, №47 мекеме қызметкерлері жасаған акт табылмады. Ұлттық орталық қызметкерлерімен оның жоқтығы туралы акт жасалды.

ҰТҚП қызметкерлері сот отырысына шығарып салу кезінде бұрынғы президент отырған камераның кіреберісіне қарама-қарсы камералардан түсірілген бейнежазбаны көруді ұсынды. Алайда №47 мекеме қызметкерлері серверге кіру мүмкіндігінің жоқтығын алға тартып, бейнежазбаны қараудан бас тартты. Бұл ретте профилактикалық топ та тиісті акт жасады.

Жоғарыда аталған фактілер негізінде Ұлттық орталық тиісті органдарға үндеу жолдайды.

Еске салсақ, Алмазбек Атамбаевқа қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 2019 жылдың 7-8 тамызында Қой-Таш ауылында болған тәртіпсіздіктер, сыбайлас жемқорлық және ақша жымқыру. Жазда оған түрік азаматтарына заңсыз төлқұжат берген. Сондай-ақ, оған 2020 жылдың қазан айында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылды.

Бұған дейін экс-президенттің адвокаты Атамбаевтың денсаулығының нашар екені медициналық сарапшылардың қорытындысымен расталғанын айтқан.