Bugin
Нұр-Сұлтанда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісі өтті.
- «Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы басталады. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – ерекше ай. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Осы айда мейлінше қайырымдылық іс-шараларды көбірек атқаруға шақырамын» - деді ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.
Төралқа мәжілісінде наиб мүфти, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы биыл қасиетті Рамазан айы 2 сәуірден басталатынын айтты.
Еске салсақ, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күнге созылады.
2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні.
Сондай-ақ, Қазақстан діни басқармасы 2022 жылғы пітір садақа мөлшері туралы айтты.
- «Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы мүфтияттің қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды» - делінген ақпаратта.