Bugin
Ресей мен Беларусьқа эскпорттауға және импорттауға тыйым салынған тауарлардың нұсқаулығы шықты. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook-тегі парақшасында жазды.
Министрдің жазуынша, Экспорттаушылар мен импорттаушылардың назарына!
Ресей мен Беларусьқа бірқатар елдің санкция енгізуінен кейін кәсіпкерлер көптеген сұраққа тап болады. Мәселен, белгілі бір өнім немесе банкке санкция енгізілуі мүмкін бе және т.б. Бұл мәселе тек осы елдерге қазақстандық өнімдерді экспорттауда ғана емес, жалпы өзекті болып отыр.
Біз бүкіл әлеммен еркін сауда жасаймыз, ал бірыңғай кедендік аймақ жағдайында тауарлар ағыны барынша жеңілдетілген. Сондай-ақ, Қазақстан арқылы Ресей мен Беларусь елдеріне бағытталған тауарлар көптеп келеді. Ендігі міндетіміз – реэкспорт қаупіне байланысты санкция салған елдердің «ерекше назарына» түсіп қалмау.
"Сондықтан, кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін Премьер-Министрдің төрағалығымен Жедел штаб бизнеске арналған «нұсқаулықты» құру туралы шешім қабылдады: мемлекеттік органдардың ресми сайттарынан бір сайтта – http://sanction2022.kz/main – Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасына экспорттауға және импорттауға тыйым салынған тауарлардың толық тізімін жинадық", - деп жазады министр.
Оның айтуынша, жаңа деректер пайда болған кезде ақпарат жаңартылып отырады. Сонымен қатар сайтта елдердегі геосаяси тәуекелдердің жоғары екенін ескере отырып, нарығынан кетуге шешім қабылдаған халықаралық компаниялардың тізімі жарияланған.
Бұл компанияларды Қазақстанға тарту туралы мәселеге келсек, Қазақстанда бизнес ашу және жүргізу үшін жағдайлар посткеңестік кеңістіктегі ең қолайлылардың бірі болып табылады. Бұл өз кезегінде нақты секторда инвестициялардың өсуіне және жаңа өндірістердің ашылуына ықпал етеді. Ал бұл Мемлекет басшысының үкімет алдына қойған негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан Қазақстанда өз өндірісін ашқысы келетін кез келген компания инвесторлар үшін қолжетімді жеңілдіктердің толық спектрін пайдалана алады.