Bugin
Наурыз айында елімізге 15 мыңға жуық Ресей азаматы келген. Тек ақпан-қаңтар айларында 40 мың шетелдік азаматқа Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат берілген. Бұл туралы Atameken Business телеарнасындағы Басты тақырып бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бағдарлама қонағы болған Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Көші-қон процесін мониторингілеу басқармасының сарапшысы Берік Есқараев еліміздегі еңбек нарығында орын алған жағдай туралы айтты.
Оның сөзінше, 1 наурызға дейінгі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың шетелдік азаматтарды жұмысқа тартуға берген рұқсат саны 15 мыңнан асады.
– «2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушілерге берілген рұқсат саны 17 мыңнан астам. 2021 жылы жергілікті атқарушы органдар 18 мыңнан астам рұқсат берген», – дейді сарапшы статистикалық мәліметтерді келтіре отырып.
Сондай-ақ, Берік Есқараев «Ресейден, Украинадан еңбек мигранттарының ағылып келуі Қазақстанның еңбек нарығындағы жалақының төмендеуіне, азаматтардың жұмыссыз қалуына қауіп төндірмей ме?» деген сауалға жауап берді. Министрлік өкілі аталған мәселенің алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– «Негізінде Президент тапсырмасы бойынша 4-санаттағы шетелдік азаматтардың квотасын қысқартудамыз. Осы жылдың басында шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша квота саны 28300-ден 23500-ге қысқартылды», – дейді ол.
Берік Есқараевтың сөзінше, Ресей азаматтарына Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыру үшін рұқсат талап етілмейді.
– «Еуразиялық экономикалық одақ келісімі бойынша Ресей азаматтары үшін біздің елде жұмыс істеуге рұқсат талап етілмейді. Олар елімізде кез келген жұмысқа орналаса алады. Ал Украина азаматтары үшін рұқсат керек», – дейді сарапшы.
Бағдарламаға қатыстқан қоғам белсендісі Азаматхан Әміртайдың айтуынша, биыл Ресейден Қазақстанға кемінде 2-3 млн адам келуі мүмкін.
– «Негізі, өте қорқынышты жағдай, кемінде 2-3 млн адам келуі мүмкін. Қазір бұны Көші-қон комитеті ғана емес, Ішкі саясат басқармалары да қадағалауы керек», – дейді Азаматхан Әміртай.
Себебі, оның пікірінше, Қазақстанда онсыз да жұмыссыз азаматтар көп.
– «Бұл мәселе өте қиын. Біз Ресейден келген еңбек мигранттарын қабылдамауымыз керек. Оларда соғыс боп жатқан жоқ, сондықтан ресейліктер босқын емес», – дейді Азаматхан Әміртай.