Travel
Қала қонақтарына арналған ең үздік 5 жер
1. Көк Төбе
Егер де сіз Алматыға алғаш рет келсеңіз, ең бірінші баруға тиісті орындардың бірі, Іле Алатауының бөктерінде орналасқан - «Көк Төбе». Ол қаланың оңтүстік-шығысында, теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан. «Көк Төбеде» қала тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс аймақтары мен биіктігі 372 метр болатын телевизиялық мұнара орналасқан. «Көк Төбеге» келген әрбір адам, бұл жердің әдемілігінен керемет әсер алады. Себебі, «Көк Төбеде» тұрып мегаполисқа айналған Алматыға көз жүгірткен кезде, қала құдды бір алқаныңда тұрған секілді көрініс береді. Қала қонақтарына бұл жерге түнге қарай келуге кеңес береміз, себебі түнгі «Көк Төбеден» алатын әсер мүлдем ерекше.
2. «Медеу» мұз айдыны
Алматының айтулы орындарының бірі, Кіші Алматы шатқалындағы - «Медеу» мұз айдыны. Теңіз деңгейінен 1691,2 метр биіктікте орналасқан «Медеу», жасанды мұз айдыны бар дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені саналады. Бұл жердің орналасу табиғаты да ерекше. Бұл кешеннің айналасын 21 мың гектардан асатын орман-тоғай қоршап жатыр. Қыс мезгілінде халық бұл мұз айдынында жаппай сырғанаса, ал жазда бұл жерде түрлі фестивальдар мен қала тұрғындарына арналған іс-шаралар өтеді.
3. «Шымбұлақ» тау-шаңғылық курорты
«Медеу» мұз айдынының жоғарғы жағында орналасқан «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, өзінің табиғатымен әрбір адамның жанын жаулап алатыны анық. Мұнда қала қонақтары, Іле Алатауының басында қысы-жазы жататын аппақ қар мен тізіле орналасқан шыршалардың көрінісін тамашалап, шаңғы немесе сноубордпен 6 шақырымннан асатын сырғанау жолымен, төмен қарай құлдилай сырғанаса болады.
4. Арбат
Алматылық Арбат – қаладағы ең танымал серуен орны. Бұл жердің атмосферасы ерекше, оны қалаға келген әрбір қонақ сезінуі тиіс. Мұнда түрлі түрлі аспапта ойнайтын музыканттар, фристайлерлер, суретшілердің туындыларын тамашалауға болады. Демалыс күндері бұл жерде түрлі жәрмеңкелер мен концерттер болады. Бұл жерге келетін халықтың дені жастар. Сол себепті Арбат нағыз жастарға арналған орын.
5. М. Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы
Қаладағы көрнекті орындардың бірі - М. Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы. Бұл қаладағы ең ескі саябақ болып саналды. Оның негізі 1856 жылы қаланған. Бүгінде бұл жер Алмалықтардың сүйікті орындарының біріне айналған. Саябақта түрлі аттракциондар, динопарк, аквапарк, көптеген кафелар, балаларға арналған спорт алаңқайлары және Орта Азиядағы ең ірі зоопарктердің бірі орналасқан. Саябақта тіпті демалушыларға арналған көл де бар. Онда катамаранмен жүзіп, қаланың әсем тауларын тамашаласа болады. Бұл саябаққа жылдың кез келген мезгілінде келіп, уақытты қызықты өткізуге болады.