Bugin

АҚШ Ресей әскері қанша жауынгерінен айырылғанын айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд Украинаға басып кірген Ресей әскерінің көп шығынға ұшырағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, АҚШ-тың барлау қызметінің есебінше, орыс әскері кем дегенде 10 мың жауынгерінен айырылған. Бұл жайлы Настоящее время жазды.

"Ресей әскері расымен қырылып жатыр. Біздің есебімізше, 10 мыңнан астам орыс сарбазы қаза тапты. Егер Ресей жақын маңда келісімге келмесе, қырылғаны үстіне қырылары анық. Ресей украин әскерінің қалай мықты екенін әлі түсінбеген тәрізді", - деді Нуланд тікелей эфирде.

Ресей соғыстағы шығыны жайлы бұған дейін екі рет мәлімет берген. Бірінші рет РФ Қорғаныс министрі ұрыс даласында 498 әскери қызметкердің қаза болғанын айтса, екінші рет 1351 сарбазынан айырылғанын мәлімдеген еді. Ал Украина тарапынан 3825 жауынгердің көзін құрттық деп есеп берді.

Ал Украинаның Қорғаныс министрлігі ресей әскерінің 17 мыңға жуық сарбазы мерт болғанын айтып отыр.

НАТО-ның есебінше, ресей әскері 7-15 мың жауынгерінен айырылған. Бұл – 24 наурыз күнгі дерек.