Әлем
Американың барлау агенттіктері Владимир Путиннің айналасындағылар оған не болып жатқаны туралы нақты және толық ақпарат бермейді деген баяндама жасады. Ақ үйдің коммуникациялар жөніндегі директоры Кейт Бедингфилд журналистерге баяндаманың мазмұнын айтып берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы BBC-дің орыс қызметіне сілтеме жасап.
«Путин мен әскерилер арасындағы шиеленіс»
«Путинді ресейлік әскерилердің адастыратыны туралы ақпарат шықты. Бұның Путин мен әскери басшылық арасындағы шиеленістің жалғасуына әкеліп соғатыны белгілі», - деді Бедингфилд.
«Путинге кеңесшілері Ресей армиясының қаншалықты тиімді екендігі және Ресей экономикасы санкциялардан қаншалықты зардап шеккені туралы қате ақпарат беріп отыр деп ойлаймыз. Өйткені кеңесшілері оған шындықты айтуға қорқады», - деді ол.
Бедингфилдтің сөзінше, Байден әкімшілігі Ресей үшін Украинамен соғысу қандай стратегиялық қателік болғанын көрсету үшін осы шындықтың бетін ашты. Ол бұл ақпаратты қайдан немесе қандай тәсілдің көмегімен алынғанын жариялай алмайтынын жеткізді.
«Путин қателік жасады»
Мұндай пікірді британдық электронды барлау GCHQ басшысы Джереми Флеминг де айтты.
Ол Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға шабуыл жасамас бұрын әскерінің де, жаудың да күшін дұрыс бағаламағанын, енді нақты жағдай туралы есеп беруге қорқатынын айтты.
«Путин жағдайды дұрыс бағаламады. Біздің ойымызша, Путиннің кеңесшілері қазір оған шындықты айтуға қорқады», - деді Джереми Флеминг сәрсенбі күні Канберрадағы Австралия ұлттық университетінде.
«Бұл Пентагонның алаңдаушылығын туғызады»
Пентагон өкілі Джон Кирби АҚШ әскери ведомствосы Путиннің Украинадағы жағдайға қатысты шындықты білмеуі туралы Ақ үйдің бағасымен келісетінін жеткізді.
Кирбидің айтуынша, бұл мәселе Пентагонда алаңдаушылық тудырып отыр.
«Бұл оның әскері, оның соғысы, оның таңдауы. Оның әскерлері Украинада қаншалықты сәтсіздікке ұшырап жатқанын толыққанды түсінбеуі мүмкін деген фактінің өзі қауіп тудырады», – деді ол.
Пентагон өкілінің пікірінше, Путинге ақпараттың нақты жетпеуі ұрысты тоқтату бойынша келіссөздер кезінде бұрыс шешімдердің қабылдануына себеп болуы мүмкін.
«Жағдайының нашар екенін толық түсінбесе, оның бітімгерлері келісімге қалай келмек?» - деді Кирби.
Неге барлау қызметі үнсіз қалмады?
Путиннің аз ғана адамдармен қарым-қатынаста болуы және өте санаулы адамдарға сенім артуы жаңашылдық емес. Бұл бір жағынан Covid-19 пандемиясы басталғаннан кейін оның айналасында құрылған карантиндік шаралармен ікелей байланысты.
Бірақ соңғы кездері америкалық БАҚ беттерінде батыстағы арнайы қызметтердің Путиннің айналасында болып жатқан жайттарды анықтайтын тәсіл тапқаны жөнінде жиі жазылып жүр.
Байден әкімшілігі өзіне белгілі ақпаратты өткен жылдың күзінен бастап жариялауда. Әдетте барлау қызметі алған ақпаратын жария ете бермейді. Бірақ бұл жолы соғысты тоқтату мақсатында әшкерелеп отыр.