Bugin

Спутниктен түсірілген суреттер: Бучада бейбіт тұрғындардың мәйіттері апта бойы жатқан (видео)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

The New York Times басылымы ресейліктердің Бучадағы бейбіт тұрғындардың өлімі оның сарбаздары қаладан кеткеннен кейін орын алды деген мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы УНИАН басылымына сілтеме жасап.

Демалыс күндері Буча көшелерінде қолдары байланған, басынан оқ жарақатын алған мәйіттердің суреті пайда болған еді. Ресей Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеп, мәйіттердің ресейлік бөлімшелердің барлығы Бучадан шығарылғаннан кейін  көшелерге тасталғанын айтты. 

Ресей бұл суреттердің «жалған» екенін жеткізіп, Бучадағы «украин радикалдарының арандатуы» деген ұстанымынан танбай отыр. Алайда, аталған жағдайға байланысты Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесін шұғыл жиналыс өткізуге шақырды. 

The Times бейне және спутниктік суреттерге шолу жасап, ресейлік әскерилер қаланы үш аптадан аса бақылауда ұстаған кезде бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын көрсетіп берді. 

2 сәуірде жергілікті кеңес депутаты түсірген видеодан Бучадағы Яблонская көшесінің бойында шашылып жатқан мәйіттерді көруге болады. Maxar Technologies ұсынған спутниктік суреттер олардың кем дегенде 11-і 11 наурыздан бастап Ресей қаланы басып алған кезде көшеде жатқанын көрсетеді. 

Мәйіттердің қашан пайда болғанын және бейбіт тұрғындардың қашан өлтірілгенін растау үшін The Times визуалды тергеу тобы спутниктік суреттерге дейінгі және кейінгі талдау жүргізіп көрді. Суреттерде 9-11 наурыз аралығында Яблонская көшесінде адам денесіне ұқсас қараңғы заттар көрсетілген. Талдау нәтижесі нысандардың үш аптадан бері осы күйде қалғанын көрсетеді. 

Кейбір денелер соққы кратерінің, басқалары қараусыз қалған көліктердің жанынан табылған. Кейбір мәйіттердің қолы ақ шүберекпен артына байланған. Мәйіттер Яблонская көшесінің бойында жарты мильден астам жерде жатқан. 

Яблонская көшесінде түсірілген екінші видеода тағы үш адамның денесі көрінеді. Бірі велосипедтің қасында, екіншісі тастап кеткен көліктің жанында жатыр. Спутниктен түсірілген суреттер 20-21 наурыз аралығында қараусыз қалған көліктер мен жақын маңдағы мәйіттің пайда болғанын көрсетеді.