Bugin

Тараздағы мұғалім балаларға Жириновскийдің суреті салынған сыйлық таратқан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тараз қаласының мұғалімі – №13 орта мектептегі 6-сыныптың сынып жетекшісі рұқсатсыз үгіт-насихат жүргізгені үшін сөгіс алды.

Ол  Қазақстанға жиі сын айтатын ресей саясаткері Владимир Жириновскийдің фотосуреті мен оның Либералды-демократиялық партиясының (ЛДПР) таным белгісі салынған сыйлықтарды оқушыларға таратумен айналысқан. Бұл жайлы ҚазТаг агенттігі жазды.

«Мұғалім Ресейдегі саяси партияның логотипі мен басшысының суреті салынған сыйлықты мектеп әкімшілігінің рұқсатынсыз таратқан. Ол мұғалімге сөгіс берілді. Орта мектептің директоры мен тәрбие жөніндегі орынбасарына да сөгіс жарияланды. Аймақтағы басқа мұғалімдерге де түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деп түсініктеме берді Жамбыл облысының әкімдігі.

Әкімдіктің хабарлауынша, мұғалімдер "Педагог туралы заңға" сәйкес саяси үгіт-насихат жұмыстарымен айналысуына болмайды.

Экпресс-К сайтының жазуынша, ол - 52 жастағы Оксана Дьяченко есімді мұғалім екен.

Оның айтуынша, былтыр 6-шы сынып оқушыларымен бірге Ресейде ұйымдастырылған онлайн-байқауға қатысқан екен. Оның шарты бойынша балалар мерекелік шыршаға арналған түрлі бұйымдар жасаулары тиіс болған. Байқауда тараздықтар биіктен көрініп, жүлделі орын алған. Ұйымдастырушылар дипломдар мен сыйлықтарды поштамен салып жіберетін болыпты.

Содан дәл Наурыз мерекесі қарсаңында Ресейден шыққан құттықтау қорабы Таразға жетіпті. Оның ішінде диплом-сертификаттардан бөлек оқу құралдары, тәттілер, киім-кешек болған. Педагог олардың бір бөлігін оқушыларға үлестіріп берген.

«Футболкалар бар еді, оларды берген жоқпыз, себебі онда Жириновскийдің суреті болатын. Олардың көзін құрттық. Ал бас киімдерді шеберлерге бердік, олар «ЛДПР» партиясының логотипін өшіріп береміз деді. Мен ешқандай жамандық ойлаған жоқпын», - деп түсіндірді бұл ісін Оксана Дьяченко.