Bugin

Жеңімпазға 1 бөлмелі пәтер. «Тұлға болам 3». Кітап оқу сайысы қалай өтеді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мемлекет басшысының 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағанына орай биыл «Шұғыла» қоры мен «Дария» дамыту орталығы «Тұлға болам 3» кітап оқу сайысын ұйымдастырып жатыр. Сайыстың басты мақсаты - жастардың кітап оқуға деген құштарлығын ояту, кітап оқу дағдысын қалыптастыру әрі жандандыру. Сол арқылы төл құндылықтарымызды насихаттау болды. Ал 9 сәуірде классикалық әдебиеттерді оқу бойынша бәйгенің үшінші кезеңіне тіркелу мерзімі аяқталмақ. Bugin.kz порталы кітап бәйгесі туралы толық ақпаратты назарларыңызға ұсынады.

Сайыс туралы

Кітап оқу сайысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өтеді. 

Осы уақытқа дейін бұл сайыс екі рет өткен. Оған қатысушылардың саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Оған дәлел - былтыр «Тұлға болам» сайысына 50 мың адам, екінші бәйгеге 108 мың адамның қатысқаны. Ал үшінші сайысқа 500 мыңдай адам қатыспақ.

Жарыс қалай өтеді?

3 кезеңнен тұратын сайыс 3 ай болады. Сайыс барысында қатысушылар өз тобына бекітілген 3 кітапты оқиды. Қатысушылар қазақ классиктері мен әлем классиктері кітабын оқып жарысады. Әр кезеңнің соңында кітап бойынша 100 сұрақтан тұратын онлайн-тест тапсырады. Тестті тапсыруға 16 минут уақыт беріледі. Сайысқа 4 оқушылар және 1 ересектер тобы қатысады.

Айта кетейік, әр топтың кітабы және жүлдесі бөлек.

Қатысушылар не оқиды?

Бірінші кезеңде қатысушылар оқитын кітаптар:

1-2 сыныпқа – Ертегілер топтамасы;

3-4 сыныпқа – Бауыржан деген бала бар (Әлдихан Қалдыбаев);

5-8 сыныпқа – Бір атаның балалары (Мұхтар Мағауин);

8-12 сыныпқа – Сүлеймен патшаның кеніші (Хаггард Генри);

Ересектерге – Сүлеймен қарақшы (Момбек Әбдәкімұлы).

Бұл кітаптарды «Тұлға болам» бәйгесі телеграмм-арнасынан жүктеп алуға болады. Жарысқа қатысу үшін tulgabolam.kz сайтына өтіп тіркелу керек.

Жеңімпаз жүлдесі

Басты жүлделер: Ыстамбұл қаласына саяхат, MacBook, iPad, Apple Watch, велосипедтер және басқа да ақшалай сыйлықтар. Өткен маусымның бас жүлдегері Нұр-Сұлтан қаласынан 1 бөлмелі пәтер ұтып алған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, қатысу, кітап жүктеу т.б. барлығы тегін, +600 жүлде. Жүлделер тек жеңімпаздар үшін ғана емес, сонымен қатар қатысушылар арасында кездейсоқ таңдау арқылы да ойнатылады.

«Тұлға болам» сайысында жиі қойылатын сұрақтарды видеодан көре аласыз.