Bugin

Қазақтың жас шахматшы қызы Гиннестің рекордтар кітабына енді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ шахматшысы Бибісара Асаубаева Гиннестің рекордтар кітабына енді. 17 жасында ең жас әлем чемпионы атанған Бибісараға аталған ұйым арнайы сертификатын жолдады. Бұл жайлы ҚазАқпарат жазды.

«Қазақстандық Бибісара Асаубаева (2004 жылы 26 ақпанда дүниеге келген) – блицтен әйелдер арасында ең жас Әлем чемпионы. Бибісара 2021 жылдың 30 желтоқсанында Польшаның Варшава қаласында блицтен әйелдер арасында өткен Әлем чемпионатында 17 жасында жеңіске жетті», - делінген ресми құжатта.

Естеріңізге сала кетейік, Польша астанасы Варшава қаласында өткен әлем чемпионатында қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева блицте бірінші орынды жеңіп алып, әлемдік шахмат тарихында әйелдер арасында ең жас шахматшы атанды.

Сондай-ақ осы чемпионатта Бибісара жылдам шахматтан (рапид) 2-орынды иеленді. Шешуші партияларда Бибісара грузиялық тәжірибелі шахматшы - гроссмейстер Нану Дзагнидзені, өз отандасы Әсел Серікбайды жеңіп, чемпионаттың жеңімпазы халықаралық гроссмейстер Александра Костенюкпен тең ойнады.

Қазақстан тарихында тұңғыш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатының триумфаторы Бибісара Асаубаева 2004 жылы 26 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген.

Бибісара әйелдер арасындағы гроссмейстер (2019). Ерлер арасында халықаралық шебер (2020). Блиц бойынша әлем чемпионы (2021).