Bugin
Қазақстан цифрлық платформа жасау бойынша ресейлік «Сбербанкпен» жасаған келісімін бұза ма әлде жоқ – әзірше белгісіз. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл сауалға нақты жауап бере алмады.
Алайда келісімшарта бұзылса, онда цифрлық платформаны отандық компаниялардың өзі жасамақ.
«Қазір геосаяси жағдайларға байланысты ештеңе айта алмай отырмыз. «Сбер» тобымен арадағы жобадан бас тартамыз ба әлде жоқ па – бұл мәселені әлі пысықтап жатырмыз. Бірақ палатформаға көшетініміз анық. Оны өзіміздің отандық компаниялар да жасауы мүмкін. Өзіміз жасаған платформаға белгілі бір уақыт пен қаражат керек болады. Талқылау аяқталған соң, бір айдың ішінде толық ақпаратты жариялаймын», - деді Б.Мусин.
Оның айтуынша, бұл цифрлық платформаны жасауға «Сбербанктің» ұсынған жобасы тиімді болған еді. Министрліктің бұл жобаны қабылдауына да осы себеп.
«Егер бізге 3-5 жыл уақыт берсе, онда асықпай отандық платформаны өзіміз жасап шығар едік», - деп сөзін жалғады Б.Мусин.
Айта кетейік, 2021 жылы күзде Қазақстан «Егов» цифрлық порталын жаңарту бойынша жоба дайындап, оны жаңартуға «Сбербанкпен» келісім жасаған еді. Енді міне, әлемдік геосаяси жағдайларға байланысты бұл банкке Батыс елдері санкция салып, ұйымның жүйе жұмысы біраз тоқтап қалды.