Bugin

Қорғас ісіне қатысы бар деген күдікпен ҰҚК-нің тағы бір генералы қызметтен қуылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кеше, 5 сәуір күні, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Дархан Ділмановтың қызметтен қуылғаны белгілі болған еді. Оны қызметінен босатқан – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал бүгін, 6 сәуір күні, Ділмановтың қандай қылмысқа қатысы бары белгілі болды.

"Ділмановтың қызметтен қуылуы тегін емес. Инсайдерлік ақпараттарға сенсек, генерал-лейтенантқа қылмыстық іс ашылып, үйіне және жұмыс орнына тексеріс жүргізілген. Нақты қай қылмысқа қатысы бар белгісіз. Бірақ біршама экономикалық қылмыстарға, өзге мемлекеттегі экономикалық қылмысқа да қатысуы болуы мүмкін. Оның ішінде атақты "Қорғас ісі" де бар", - делінген ҚазТаг агенттігінің сілтеме беріп таратқан ақпаратында.

Дархан Ділманов ҰҚК төрағасының орынбасары болып 2015 жылы тағайындалған. 2022 жылы 5 сәуір күні қызметінен босады.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қаңтар күні жасаған баяндамасында Назарбаевтар әулетімен ауызжаласқан, кедендегі контрабанда істерімен айналысқандарды тексеруді тапсырған еді. 1 ақпан күні осы тақырыпты қайта қозғап, кедендегі бақылауды күшейту керегін тағы айтты. Тіпті, Тоқаев кеденнен өтіп жатқан тауарлардың жартысы заңсыз өтіп жатқан тауарлар екенін де тілге тиек еткен.

Осыдан сөзден кейін «Достық» пен «Алтынкөл» кедендік постының бастықтары қызметінен кетті.

Айта кетейік, Қорғас ісі - Қазақстанда болған ең атақты қылмыстық іс. 1300 беттен тұратын қылмыстық іске 45 адамға айып тағылған еді.