Bugin
Demoscope мониторинг және зерттеу орталығы «Украинаға соғыс ашқаны сынды Ресей басқа елге де басып кіруі мүмкін бе» деген сипатта сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы telegram-дағы paranoia.kz арнасына сілтеме жасап.
Сауалнамаға жауап бергендердің 65%-ы «жоқ» деп жауап берген. Қақтығыстың болуын жоққа шығаратындардың басым бөлігі әйелдер болып шықты. Олардың саны 58 пайызды құрайды. Орыстілді азаматтардың 72%-ы «қақтығыс мүмкін емес» деп санайтын болса, қазақтілді жандардың ішінен 39%-ы ғана қақтығыстың болуы «мүмкін емес» деп ойлайды. Ал жауап берушілердің төрттен бірі «Ресеймен қақтығыс болуы мүмкін» деген ойда.
Ресеймен қарулы қақтығыс болуы мүмкін деген позицияны ұстанатындардың басым бөлігі - ер азаматтар, олардың саны 61%-ды құрайды. «Қақтығыс міндетті түрде болады» деген пікірді ұстанушылардың ішінде - 38%-ы қазақтілді азаматтар, 9%-ы орыстілді азаматтар.
Сауалнамада Ресеймен әріптестік пен серіктестікке қатысты да сұрақтар қозғалды. Жауап берушілердің 70 пайызына санкциялар да, қақтығыс та маңызды емес. Олар қандай жағдай болса да, Ресей Қазақстанның басты серіктесінің бірі болып қала береді деген ойда. Респонденттердің 10%-ы Ресей барлық одақтан шығуы керек деген пікірде. Жауап берушілердің ішінде Ресейдің Украинаға соғыс ашуының салдарынан инфляция өседі дегендер саны 42 пайызды, ал еш әсері болмайды дегендер саны 15 пайызды құрайды. Ал жауап берушілердің ішінде 10%-ы Ресей үшін Қазақстанға да санкциялар салуы мүмкін деген пікірде.
Айта кетейік, респонденттердің көпшілігі (59%) ресейліктердің Қазақстанға қоныс аударуына оң көзқараста болып шықты. Олардың үштен бір бөлігінен астамы (34%) қонақжайлылық танытып, оған сәйкес «Қазақстан әрқашан өз Отанын тастап кетуге мәжбүр болған адамдарды қабылдауға тиіс» деп санайды. Жауап берушілердің 14%-ы алаңдаушылықтарын білдірді. Олардың саяси көзқарастарын мұқият тексергеннен кейін ғана ресейліктердің қоныс аударуымен келісу керек деп санайды. Ал 11%-ы мұны Қазақстанға жаңа мамандарды тарту мүмкіндігі деп санайды.