Bugin
Ресей Федерациясын БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Кеңесінен шығару туралы дауыс беру қарсаңында Ресей мүше мемлекеттерге қауіп-қатері бар нота жіберді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы CNN басылымына сілтеме жасап.
– «Айта кету керек, мұндай бастаманы қолдау ғана емес, сонымен бірге дауыс беруден бас тарту немесе қатыспау да достық қимыл болып саналады», – делінген CNN жазбасында.
Дауыс беру Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде 11-ші төтенше арнайы сессия барысында өтті. БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшелігін тоқтата тұруға дауыс берді. Тиісті қарарды Украина 58 елмен авторлық бірлестікте ұсынған. Оны 93 мемлекет қолдады, 24 делегация қарсы болды, 58-і қалыс қалды.
Қазақстан Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Қытай және басқа елдермен қатар «қарсы» дауыс берді. Армения қалыс қалды.
Ресей өкілі Геннадий Кузьмин «Ресей тарапы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған қарарды «тәуелсіз ішкі және сыртқы саясатты жүзеге асыратын БҰҰ-ға мүше егеменді мемлекетті демонстрациялық жазалау мақсатында заңсыз және саяси негізделген қадам ретінде қарастырады» деп мәлімдеді.
Ол сондай-ақ Ресей Федерациясы 2022 жылдың 7 сәуірінен бастап БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдағанын хабарлады.