ДЕНСАУЛЫҚ
Бүгін, 8 сәуірде, Павлодар қаласының жедел жәрдем қызметкерлерінің алғашқы көмек көрсетуге келгенде немқұрайлықпен жас бүлдіршіннің қабырғасын сындырып алғаны белгілі болды. Тіпті, ауруханаға апара жатып сәбиді басымен құлатып та алған.
Bugin.kz порталы осы жағдайға байланысты негізгі сұрақтарға шолу жасап көрді.
Оқиға жайлы баланың анасы не дейді?
Бала бір жарым жаста. Болған жайт туралы оның анасы Іnstagram әлеуметтік желсіндегі парақшалардың бірінде жазған.
«6 сәуір күні кешке, сағат 21:03-тен бастап жедел жәрдем шақырдым. Баламның өне-бойы құрысып, жүрегі тоқтап қала жаздады. Жедел жәрдем қызметі қоңыраудың 5 минуттан кейін әрең алды. Мұндайда әрбір минуттың құны қымбат. 5 минут дегеніміз өте ұзақ. Жедел жәрдемнің жедел жеткені рас. Бірақ қандай науқасқа келе жатқанын білсе де, түк дайындалмай келген. Оттегісі жоқ, медициналық құралдарды алу үшін үш рет көлікке барып-қайтты. Қанша уақыт құр кетт», - деп сипаттайды оқиғаны сәбидің анасы.
Бүлдіршіннің қабырғасы сынғанын, басымен құлағанын да – осы анасы айтып отыр.
«Қазір балам ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр. Жедел жәрдем бригадасының салғырттығына шара қолдануыңызды өтінемін», - деп жазды жазбаның авторы бүгін таңертең.
Бірақ нақты кімнен көмек сұрағанын жазба авторының өзі анық көрсетпеген екен.
Облыстық жедел жәрдем станциясы не дейді?
Ананың жазбасы жарияланғаннан кейін Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясында бұл шағымға қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталғанын хабарлады.
«Біріншіден, бала мен оның анасына денсаулық тілейміз. Тезірек жазылып шықсын! Жедел жәрдем бригадасының әрекетіне баға беріледі. Баланың шынымен де қабырғасы сынған болып шықты», - деді станция қызметкерлері.
Сәбидің жағдайы қалай?
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2021 жылы туған сәбидің қазіргі таңда облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқанын растады.
Бұл факті бойынша тергеу жүріп жатыр.
«Екі жақты жіті полисегментальды пневмония диагнозына байланысты жағдайы бірқалыпты ауыр. Сондай-ақ балаға церебральды сал ауруы, симптоматикалық эпилепсия, конвульсиялық синдром диагноздары қойылған», - дейді олар.
Бұдан бөлек, бір жарым жасар баланың сегізінші қабырғасы да сынған болып шықты.
Зерттеу нәтижесі қандай? Баланың қабырғасы неге сынды?
Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясында бір жарым жасар баланың жағдайына қатысты зерттеу жүргізді. Медициналық мекемеде педиатриялық бригада дәрігерінің іс-әрекетінен заңбұзушылық байқалмағанын, себебі ол іс жүзінде сәбидің өмірін сақтап қалғанын мәлім етті.
«103 нөміріне қоңырау 6 сәуір күні сағат 21:05-те түскен. Оған бірінші санатты жеделдік тағайындалды. Сондықтан сол жерге жақын маңдағы медициналық бригада жіберілді. Сағат 21:07-де жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнында болды. Сол кезде кішкентай науқастың тынысы тарылып, клиникалық өлім жағдайына түскен. Педиатриялық бригаданың дәрігері жүрекке жанама массаж жасап, баланы аман алып қалды. Мұндай массаждан баланың қабырғасы сынып кетуі – мүмкін жағдай. Дәрігерлер баланы сағат 21:33-де жеткізген кезде, кеуде тұсында сыну белгілері болуы мүмкін екенін де ескерткен», - деп түсіндірді станция мамандары.
Баланың ауруханаға апара жатқанда құлап кеткені рас па?
Дәрігерлердің айтуынша, баланы ауруханаға зембілге салып апарған, бірақ оны әдейі мықтап бекітпеген.
«Өйткені баланың қайта тынысы тарылып, қысылып кетуі мүмкін. Онда қайталап реанимация жасауға тура келеді. Көлік бұрылғанда, бала зембілден түсіп кеткен. Алайда дәрігер мен анасы оны ұстап алғандықтан, еденге құлай қоймады. Реанобиль жүргізушісінің көлікті кенет тежеген кезі болмады», - деп түсіндірді жедел жәрдем қызметі.