Bugin

Әлем елдері неге Киевке елшілерін жинап жатыр?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлем елдері біртіндеп Украинаға, дәлірек айтсақ, соғыс басталарда еліне қайтарған Киев қаласына елшілерін қайтара бастады. Осыдан екі-үш күн бұрын Түркия, Словения мен Литва елдері елшілерін жіберсе, енді міне Еуропа елдері дипломаттарын Киевке жіберуді бастады.

«Менің Киевке келуім бекер емес. Менен кейін біздің елшілер де Киевке оралады. Себебі Украина билігімен тығыз жұмыс істеуіміз керек. Украина билігінің мемлекеттік және үкіметтік құрылымдарды қорғауға толық шамасы жететініне куә болдым. Осынау қиын жағдайда мұндай кепілдік берудің өзі ерлік. Елшілерді Киевке жіберу арқылы украин халқына қолдауымызды күшейтеміз», - деп түсіндірді Еуропа Одағының Бас елшісі Жозеп Боррель, кеше, 8 сәуір күні Киевке келген іссапарында.

Түркия – әлем елдері арасында алғаш Киевке елшілерін қайтарған мемлекет болды. Түрік дипломатиясы 6 сәуір күні Киевке келді. Өз кезегінде Украина билігі «түрік елшілерінің біздің елге Түркияның украиндарды қолдайтынын әрі оларға сенім білдіретінін, соғыстың аяқталуына да аз қалғанын ұққандықтан келді» деп түсіндірген еді.

Айта кетейік, түрік дипломаттары 29 наурыз күнгі Украина-Ресей келіссөзін ұйымдастыруға біршама атсалысқан еді. Соның арқасында ресей біршама әскерін кері шегіндіріп, Киев түбіндегі ұрыс қимылдарын доғарды. 

Әлем елдері Украинаға елшілерін қайтаруды бастаса, керісінше, Ресейдікін елден қуып жатыр. Еуропа елдерінің өзі 250-ден астам орыс елшісін қуып шықты. Жақында ғана Аустралия мен Жапония да ресей елшілерін елден кетуін талап етті.