Bugin

Алматы белсенділері Ресей елшілігінің алдына барып Буча қырғынын еске алды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматының белсінділері Ресей елшілігі ғимаратының алдына барып акция өткізді. Украинаның Буча қаласында қырылған бейбіт тұрғындардың бейнесін сомдап, байрақ жамылып жерде жатты.

Алайда Masa.media-ның жазуынша, полиция қызметкерлері белсенділерді әп-сәтте ұстап, көлікке сап әкеткен. Акционистердің жерде жатқанына үш минутта болмаған.

Полиция қызметкерлері мұндай акцияның заңсыз екенін айтып, ескерту жасаған. Жиналған белсенділердің бәрін ұстап әкетті.

Оқиға орнына 25 полиция қызметкері келген екен. Үш автозак қойылған.

Мұндай акциялар Тбилиси, Вильнюс, Мәскеу, Лондон мен Дублин, Берлин мен Варшава қалаларында да өткен. Мәскеу қаласындағы наразылық акциясының өкілдері ұсталды. Басқа қалаларда бейбіт өтті.

Буча қырғыны

Буча қаласы – Киев қаласының түбіндегі шағын қала. 30 мыңға жуық тұрғын тұрады. Бұл қаланы Ресей әскері 25 ақпан күні басып алып, тура бір айдан кейін, 31 наурыз күні қаланы тастап, кері шегінген еді.

Украин әскері азат етілген қалаға кіріп, жүздеген бейбіт тұрғынның жазықсыз қаза тапқанына куә болады. Көшеде адам мүрдесі шашылып жатыр, кейбірінің аяқ-қолы байланған, үлкен арық қазылып, мүрделер сонда жерленген. Жергілікті және халықаралық БАҚ-тар Буча қырғынына сурет-виедо түсіріп, әлемге хабар таратады. Оқиға бүкіл әлемді аяқтан тік тұрғызды, Еуропа елдері мұны жауыздық, геноцид деп бағалады.

Украина билігі орыс әскерін бейбіт тұрғындарды жазықсыз қырды деп айыптады. Буча қаласының әкімі Анатолий Федоруктің айтуынша, 320 бейбіт тұрғын қайтыс болған екен.

«Бірақ нақақтан өлгендердің саны әлі өсуі мүмкін», - деп толықтырды Федорук.

Қазіргі есеп бойынша, 400-ге жуық адамның мүрдесі табылған. 

Human Rights Watch халықаралық ұйымы бұл оқиғаны адамзатқа қарсы жасалған қылмыс деп баға берді. БҰҰ тәуелсіз тергеу, тексеру жұмыстарын жүргізетініне уәде берді.

Ал Ресей тарабы бұл айыптаудың бәрін жоққа шығарды. Украин әскері мұны қолдан істеп, ресей әскеріне жала жауып отыр деп түсініктеме берді.