Bugin
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comБүгін. 11 сәуір таңертең Украинада орын алған оқиғаларға қатысты маңызды жаңалықтарды Bugin.kz порталы хабарлайды.
«Келесі апта өте қарқынды болады» - Зеленский
Ресей армиясының Украинаның шығысындағы ауқымды әскери операцияларына байланысты алдағы апта өте шиеленісті болады, деп ескертті Владимир Зеленский видео үндеуінде.
- «Ресей әскерлері мемлекетіміздің шығысында бұдан да ауқымды шараларға көшпек. Олар бізге қарсы бұдан да көп зымыран мен әуе бомбаларын қолданады. Бірақ біз бұл әрекеттерге дайындалып жатырмыз. Біз жауап береміз», - деді президент.
Украина қару-жарақ жеткізуді, халықаралық аренада ақпараттық жұмысты жандандыруға және елдің қорғанысына көмектесу үшін жаңа қаражат тартуға уәде берді.
Австрия канцлері Путинмен келіссөздер жоспары туралы айтты
Австрия канцлері Карл Нехаммер Украинадағы қақтығыс басталғаннан бері Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен алғашқы еуропалық көшбасшы болады деп күтілуде.
Венадағы кеңсе екі көшбасшының келіссөздерін растады.
- «Ертең мен Мәскеуде Владимир Путинмен кездесемін. Біз әскери тұрғыдан бейтараппыз... Бізге гуманитарлық дәліздер, атысты тоқтату және әскери қылмыстарды толық тергеу керек», - деп жазды Нехаммер Twitter парақшасында.
Хабарланғандай, сенбі күні Австрия канцлері Киевке барып, Украина халқы мен үкіметіне құрмет пен қолдау білдірді.
Киев облысында 1200-ден астам мәйіт табылды
Украинаның бас прокуроры Ирина Венедиктова британдық Sky News арнасына берген сұхбатында Киев облысының қалаларында 1200-ден астам мәйіт табылғанын айтты.
Бұл соңғы көрсеткіш емес екені атап өтілді. Украинаның Ішкі істер министрі Денис Монастырский Бучанск облысында қаза болғандардың санын есептеуге апталар қажет болатынын айтты.
Чернобыль атом электр станциясында кадр ауысты
Чернобыль атом электр стансасында соңғы екі аптада алғаш рет кезекші персонал ауысты, деп хабарлады МАГАТЭ директоры Рафаэль Гросс.
МАГАТЭ хабарлауынша, Украинадағы қақтығыстың тұтануына байланысты 211 техникалық қызметкер мен күзетші 24 ақпаннан бері мекемеден шыға алмады.
Гросс МАГАТЭ жақын арада Ресей әскерлерінің болуының салдарын бағалау үшін Чернобыльға сарапшылар жіберетінін айтты.
Ал Украинаның Жоғарғы Радасы Чернобыль атом электр стансасына әскерилер келтірген ауыр шығынды жариялады. Атап айтқанда, ресейлік әскер зерттеу зертханасын қиратып, иондаушы сәулелену көздерін ұрлаған.
- «Жалпы радиоактивтілігі шамамен 7 миллион беккерельді құрайтын 133 көз ұрланған және бүлінген. Мұны бета және гамма-сәулеленуі бар 700 келі радиоактивті қалдықтармен салыстыруға болады», - деді Украина парламенті.
Николаевта жарылыс болды
Николаев облыстық әкімшілігінің басшысы Виталий Ким жарылыс болғанын растады. Оның салдарынан бір адам зардап шеккен. Ким бұл әуе қорғанысын тесіп өткен ресейлік зымыран болуы мүмкін екенін айтты.
- «Үлкен жарылыстан күзетші жарақат алды. Біз әуе қорғаныс жүйесі жұмыс істеді ме, әлде ұшып кетті ме оны анықтаймыз...» - деп жазды ол.
Бұл ретте желі қолданушылары қаладағы жарылыс бүкіл соғыстағы ең күшті жарылыс болғанын айтуда. Соққы толқынының күшінен әр аудандағы қала тұрғындарының терезелерін ұшырып, орталықтағы пәтерлердің бірінің төбесі опырылып түскені хабарланды.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61