Bugin
Бүгін, 11 сәуірде Тамара Дүйсенова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Тамара Босымбекқызы Дүйсенова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылсын», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Тамара Дүйсенова осымен үшінші рет еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалып отыр. Алғаш рет 2013 жылдың 27 маусымында, одан кейін 2017 жылдың 25 қаңтарында және бүгін, 2022 жылдың 11 сәуірінде министр болды.
Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен неге кетіп еді?
2018 жылы 9 ақпанында Қазақстан президентінің жарлығымен Тамара Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылған еді. Бұған себеп - экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындай алмауы.
Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген жиынында Тамара Дүйсенованы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді жүзеге асыра алмағаны үшін сынаған-тұғын.
«Менің медициналық сақтандыруды енгізу туралы айтып жүргенімен бес жыл уақыт болды. Бірнеше рет еске салдым, нақты тапсырма бердім. Алайда онымен ешкім айналысқан жоқ. Министр Дүйсеноваға бірнеше рет айттым. Не болды, Тамара, әлде сен мына жұмыстан шаршадың ба?», - деп кейіп еді Назарбаев министрге.
Содан кейін Тамара Дүйсенованың бұл қызметтен босағаны белгілі болды.
Айта кетейік, Тамара Дүйсенова - 2014 жылдың 6 тамызынан бастап Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, ал 2017 жылғы 25 қаңтардан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды. 2018 жылдың 22 ақпанынан бастап «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметіне тағайындалған болса, 2019 жылдың 15 шілдесінен бастап «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның басшысы болды. Ал 2020 жылдың 5 мамырынан бастап ҚР президентінің көмекшісі қызметін атқарды.