Bugin
РФ президенті В.Путиннің бұрынғы кеңесшісі, экономика мәселелері жөніндегі сарапшы Андрей Илларионов соғысты тоқтатуға не себеп болатынын айтты. Оның айтуынша, егер Батыс елдері Ресейдің мұнайы мен газын сатып алудан толық тыйылса әрі эмбарго жарияласа, ондай Кремль билігінің күні қараң болмақ.
Бұл жайлы BBC-дің украин қызметі жазды.
«Егер батыс елдері шындап Ресейдің мұнайы мен газына эмбарго жарияласа, онда Украинадағы соғыс қимылдары күрт тоқтайтыны анық. Ресей мұндай күшпен бір-екі айға ғана қуаты жетеді. Бұл – Батыс елдерінің қолында тұрған расымен де қуатты құрал (мұнайдан бас тартуы – ред.)», - деп түсіндірді Илларионов.
Путин мен Илларионов
Экс-кеңесшінің айтуынша, Путин соғысты бастаған кезде Ресейдің экономикасына зор шығын келетінін, осындай санкциялардың салынатынын жақсы түсінген. Алайда оның империалистік пиғылы Ресейді экономикалық дағдарысқа батырудан артық көрінеді.
«Оның территориялық амбициясы, империялық амбициясы бәрінен биік тұр. Ресей халқына да, елдің қаржылық жағдайына да түкіргені бар. Ел қаржылық қиындыққа батса да, империялық пиғылын қоймайды», - деп президент Путиннің психикасын ашып берді.
Білген маңызды
Еуропа одағының елдері Ресейдің Украинаға қарсы соғыс бастағанын қанша сынаса да, мұнайы мен газын сатып алудан әлі бас тартқан жоқ. Бірақ қолдан келер санкцияның бәрін салып жатыр. Ал Ресей бюджетінің 36 пайызын – осы мұнай мен газдан түскен табыс жабады екен. Ал Еуропа одағы болса, Ресей өндірген мұнайдың 40 пайызын, өндірген газының 27 пайызын Еуропа сатып алып отыр.
Демек, Ресейдің Украинадағы соғысын «қаржыландырып отырған» да Еуропаның өзі болып шықпақ. ЕО-ның Бас елшісі Жозеп Боррельдің айтуынша, Еуропаның Путиннен бір күнде сатып алған газы мен мұнайының құны – 1 млрд еуроға тең екен. Яғни, Путин күнінен 1 млрд еуро тауып отыр деген сөз.
Есесіне, АҚШ орыс мұнайы мен газынан толық бас тартты.