Қоғам
Жол қызметкерлері Жамбыл облысында салынып жатқан «Мерке-Бурылбайтал» тас жолында ереуіл жасады. Олар жалақыны көтеруді және еңбек жағдайларын жақсартуды талап етіп отыр. Бұл туралы «Атамекен Бизнес» телеарнасы баяндады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ереуілге қатысушылардың айтуынша, қытай компаниясы үш жыл бойы оларға ең төменгі жалақыны төлеп келген. Бұған дейін 80-нен астам жұмысшы Президенттен көмек сұрады. Олар қойған талаптарын басшылық орындамағанша, жұмысқа барудан бас тартып отыр.
«Бұл компанияда біз жалдамалы жұмысшылармыз. Мұндай жағдайға шыдай алмайтынымыз туралы айтып келе жатқанымызға екі ай болды. «Егер ұнамаса, кете беріңдер» деп те айтты. Бұл жерде, тіпті, арнайы киіміміз де жоқ», - деді жұмысшы Мергенбай Дабылов.
«Бүгін кім де кім компанияға қарсы шығатын болса, ертең жұмыстан қуылады деп айтты», - дейді жұмысшы Бақытжан Оңғарбаев.
Айта кетейік, жол учаскесін салу үшін 200-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Олардың жалақылары 60 мың теңгеден басталады және 120 мыңнан аспайды. Жұмысшылардың айтуынша, алған ақшалары 10 сағат жұмыс істегеніне татымайды.
Ал аталмыш компания басшылығы бұл жобаның жалпы өзін тиімсіз деп мәлімдеді. Есептің бәрі 2017 жылғы бағалау бойынша жүргізілген болып шықты.
«2017 жылдан бастап құрылыс материалдарының бағасы айтарлықтай өсті. Сол себепті біз жалақыны көтере алмаймыз», - деді компанияның бас инженері Цюань Ицюань.
Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Қалендеров бұл мәселені тек қытайлық тараптың шеше алатынын атап өтті.
«Олардың не айтатындарын күтейік. Уәде еткендей жалақыны үш күнде көтере ме екен?! Олар кез келген шешімді бірнеше айда қабылдайды. Егер нәтиже болмаса, Бас прокуратураға жүгінеміз», - деді ол.
Видеоны осы сілтеме арқылы көре аласыз.