Әлем
Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы «арнайы әскери операция» «қажет болғанын» мәлімдеді. Ол бұл сөзін Амур облысындағы Восточный ғарыш айлағының жұмысшыларымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.
«Біз, бір жағынан, адамдарға көмектесіп, оларды құтқарып жатырмыз. Екінші жағынан Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қадамдар жасадық. Бізде басқа таңдау болмағаны сөзсіз. Бұл – дұрыс шешім», - деді Путин.
Путин Украинада «антиресейлік плацдарм» мен «неонацизм қалыптаса бастады» деп санайды. Ол «Украинадағы «арнайы операцияның» мақсаты анық, бұл – Донбасс халқына көмектесу» деді. Ресей басшысы «мақсатымызға қол жеткіземіз» деп сенеді.
Путиннің сөзінен соң Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк твиттерге «дәл қазір Мариупольде көшпелі крематорий мәйіттерді өртеп жатыр. Ал атыстан аман қалғандар аштан өліп жатыр. Кімнен «қорғап» жатырсыздар? Өмірден қорғап жатырсыздар ма?» деп жазды.
Кремль Украинаға соғысын «арнайы операция» дейді. Елде «соғыс» сөзін қолданғандар қудаланады, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.