Bugin
Жетісай ауданындағы Ынтымақ ауылдық округінде орналасқан «Комилжон» шаруа қожалығы қырыққабаттың алғашқы өнімдерін көршілес Ресей еліне экспорттады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ақпан айында шаруа Комилжон Дадаев 12 гектар жерге қырыққабаттың ерте пісетін «Пекин», «Магнус», «Зарисма» сорттарын еккен болатын. Қазір алқаптағы 50 күнде пісетін қырыққабаттың «Пекин» сорты өз өнімін беріп жатыр.
«Бүгінгі таңда 2 гектар жерден алынған өнім көлемі 80 тонна болды. Шығындарымыз толықтай ақталды деп айта аламыз. Қырыққабатты көрші Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеу қаласына сатуға жіберіп жатырмыз», - дейді «Комилжон» шаруа қожалығының төрағасы Комилжон Дадаев.
Жетісай ауданында биыл 900 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егіліп, болжам бойынша 30 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Егілген өнімнің басым бөлігі - «Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Кевин Фарао», «Пекин», «Ринда», «Заказ» сорттары.
«Өткен жылы аудан диқандары 1000 гектардан астам жерге қырыққабат дақылын егіп, 31,5 мың тонна өнім алды. Негізінен ерте пісетін қырыққабаттың басым бөлігі Ресей, Белорусь және Еуропа елдеріне экспортталады», - дейді Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков.