Әлем

Франция сарапшылары келді. Украина ұстанымын өзгертпеді. 13 сәуірде не болды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

13 сәуір күні Украинада болған оқиғаларға Bugin.kz порталы шолу жасайды.

Украинаға Франция сарапшылары келді

Бұл топтың құрамына сот сарапшылары, баллистика сарапшылары, ДНК талдаушылары, дактилоскопиялық сарапшылар, жарылғыш заттар жөніндегі техник, қылмыс орнын зерттеушілер және тергеушілердің көмекшілері кіреді.

«Киевтегі адам өлімін тергеуге көмектесу үшін Украинаға Француз жандармериясы мен Француз Республикасы Қарулы Күштерінің медициналық қызметінен әріптестеріміз келді», - деді Украинаның Бас прокуроры Ирина Венедиктова Буча қаласында бірлескен жұмыс барысында.

Мамандар ДНК зертханасын, денені тексеру және сәйкестендіру үшін қажетті жабдықтарды өздерімен бірге әкелген. Олар Украинада 15 күн бойы жұмыс істейді. Жиналған дәлелдемелер ұлттық тергеу барысында пайдаланылады. Сонымен қатар Халықаралық қылмыстық сотқа берілуі де мүмкін.

Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер онлайн режимде жалғасады

Украина делегациясының басшысы, депутат Давид Арахамия Украина үшін қауіпсіздік кепілдігі туралы келісім бойынша келіссөздер онлайн режимде жалғасатынын айтып, Украинаның өз ұстанымын өзгертпегеніне сендірді.

«Украина тарапы Ыстамбұл коммюникесін ұстанады және Ресей Федерациясы сыртқы істер министрінің мәлімдемесіне қарамастан өз ұстанымын өзгерткен жоқ. Біз стамбулдық коммюникеге кірмеген қосымша мәселелерді ескермейміз», – деп жазды ол telegram-да.

Айта кетейік, Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров келіссөздер барысында Киевтің ұстанымы өзгергенін хабарлаған болатын. Мәскеу - Украина Ыстамбұлдағы келіссөздерде өз ұсыныстарын өзгертіп жатқанын және қазір екі ел президенттерінің кездесуінде Қырым мен Донбасс мәселесін талқылауды ұсынып отырғанын мәлімдеді.

Украин әскері Ұлыбританияға оқуға баратын болды

Ұлыбритания Украинаға өзінің броньды машиналарын бергенге дейін украин әскеріне арналған көлік құралдарымен жұмыс істеу курстарын өткізеді. Бұл туралы министр Джеймс Хиппи хабарлады.

«120 броньды машина дайындалып жатыр. Оларды пайдаланатын украин әскері жақын күндері Ұлыбританияға осы машиналарды қалай пайдалану керектігін үйрену үшін келеді», - деді ол.

Мариуполь инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін 12,5 млрд доллар қажет

Мариупольде 84 мың жергілікті тұрғынның үйі толығымен қираған болатын. Қала инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін кем дегенде 12,5 млрд доллар қажет болып шықты. Бұл туралы Мариуполь қаласының мэрі Вадим Бойченко айтты.

Мариуполь қалалық кеңесінің есептеуі бойынша, 84 мың тұрғынның үйі көпқабатты үйлердің 40 пайызын немесе шамамен 2 млн шаршы метрді құрайды.

Зеленский Медведчукпен алмасуды ұсынды

Украина Президенті Владимир Зеленский сәрсенбіге қараған түні, 13 сәуірде бейнеүндеу жолдады. Ол ең алдымен Ресей Президенті Владимир Путиннің «Украинадағы арнайы операция жоспар бойынша жүріп жатыр» деген сөздеріне түсініктеме берді.

«Шынымды айтсам, мұндай жоспардың қалай пайда болатынын әлемде ешкім түсінбейтін шығар. Бір айдан астам уақыт соғыста ондаған мың өз жауынгерінің қаза болуын көздейтін жоспар болуы мүмкін бе?!» - деді ол.

Бұдан әрі Зеленский тұтқындарды Виктор Медведчукпен алмастыруды ұсынды.

«Егер Медведчуктың өзі әскери киімді таңдаған болса, ол соғыстың ережелеріне бағынады. Тұтқын алмастыруды ұсынамын», - деді ол.