МӘДЕНИЕТ

«Ақын» фильмінің режиссерімен сұхбат. Қазақстанда кино өнері бар ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Үлкен тілдердің өзі қиыншылықтар көріп жатыр. Сонда біздің қазақ тіліміз не болады?! Осы адамзат ақырын-ақырын бір тілге, бір мәдениетке келе жатқан жоқ па?! Тіл үшін күрестің алдыңғы шебінде ақындар жүруі керек. Тіл үшін күреспек түгілі ақындар кредитін жаба алмай өліп жатқан жоқ па?!» Дәл осы мәтінмен басталатын «Ақын» атты отандық фильмнің трейлері көрерменге қазақ өнері туралы сыр шертеді. Bugin.kz порталы режиссер, сценарист, «Ақын» фильмінің авторы Дәрежан Өмірбаевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

Идея қайдан келді?

Швейцарияда тұрған немістің Герман Гессе деген жазушысының «Авторский вечер» атты кішкентай әңгімесі бар. Бұл - ХХ ғасырдың басында жазылған туынды. Әңгімеде автор басынан кешкен оқиғасын баяндайды. Оны Германияның бір қаласына арнайы мамандар «кешіңізді өткізейік» деп шақырады. Сол қалаға келсе, кешіне ешкім келмеген болып шығады...

Автор туындыны әзілдеп, ерекше форматта жазған. Сол әңгімені оқыған кезде осы уақытқа келетін сюжет екен деген ой келді. Себебі, біріншіден, қазір ақпарат ағымының көбеюіне байланысты нағыз өнердің рөлі төмендеп кетті. Жастардың күн өткен сайын оқуға деген ынтасы кеміп, экранның рөлі артты. Екіншіден, әсіресе, жазушыларға қиын болып жатыр. Соның ішінде қазақ тілінде жазатын жазушылар мен ақындар қиналып жатқандай.

Фильм не туралы?

Қазақ тілінде жазылатын кітаптар аз оқылады. Бұл біреудің әдейі істеп жатқан әрекеті емес. Бұл – дүние жүзіндегі тенденция. Байқап қарасаңыздар, бүкіл дүние жүзі ақырындап бір тілге келе жатыр. Оны байқамау мүмкін емес. Мысалы, ғылыми сфера, жалпы техникалық ғылымдар толықтай ағылшын тілінде. Қазір ешкім ғылыми мақалаларды өз тілінде жазбайды. Біздің қазіргі уақытта тұтастай ұлт болып қазақша сөйлемеуіміздің негізгі себебі – совет үкіметінің Қазақстанды отарлауы емес. Негізгі себеп осы – адамзаттың ортақ бір тілге келуге қадам жасауы. Қазір мысалы біз көбіне орысша сөйлеп жатамыз, жақында, тіпті, ағылшынша сөйлейтін боламыз.

Біз фильмнің басында осы тақырыпты бердік. Фильмде осы ойды өнермен байланыстыра алдық. Сюжет бойынша жоғарыда айтылған мәселелерді қазақ тілінде газет шығаратын редакция журналистері талқылап жатады. Бәрі осы жерден басталады.

«Әлеуметтік проблемалар - өнердің негізі емес»

Фильмнің сюжеті, мазмұны туралы айтқан кезде тіл мәселесі дегендей проблемаларды қозғадық. Ескерулеріңіз керек, жалпы кез келген проблема өнердегі ең негізгі нәрсе емес. Мұндағы маңызды нәрсе – форма, киноның тілі. Мысалы, біз операға барамыз. Ол жердегі маңызды нәрсе либретто, сюжет емес. Біз операға музыка тыңдау үшін барамыз емес пе?! Бұл фильмдегі де тіл мәселесі, ақынның өмірі мен шығармашылығы – жай ғана либретто. Ең негізгі мақсат – көрерменге киноның тілін түсіндіру болды. Бұл – киноның музыкасы. Оны қабылдайтын адам болса, әрине.

Қазақстанда кино өнері бар ма?

Мемлекеттердің деңгейін «ғылымы бар ма, жоқ па» деген сұрақ анықтайды. Екінші бір нұсқасы «кино өнері бар ма, жоқ па» деген сұрақ. Мысалы, Өзбекстанда кино бар, кино өнері жоқ. Ал қырғыздарда кино өнері бар. Айта кету керек, бізде кино да, кино өнері де бар. Алайда көрермен жоқ. 

Біріншіден, бізде көрерменмен ешкім жұмыс істемейді, оларды жоғалтып алғанбыз. Себебі қазақ көрермені комедия мен голливудтың өніміне үйреніп кеткеніне 20-30 жыл болып қалды.

Екіншіден, Қазақстанда қазақтар кино өнеріне қызықпайды және қызыққан да емес. Бірен-сараң көрерменді қоспағанда. Себебі оларда бейнелеу өнеріне деген қызығушылық жоқ. Айту керек, біздегі өнер тарихында визуалды өнерлердің тамыры тереңде емес. Қазақта музыка мен сөз өнері қарқынды түрде дамыған деп айта аламын. Ал мүсін жасау, бейнелеу өнері, дизайн, архитектура өз деңгейінде дамымаған. Кино өнері де соған байланысты. Кино – көзбен көретін, визуалмен қабылдайтын туынды. 

Қазақ фильмдерін шетелде қалай қабылдайды?

Біз фильмдерімізді шетелдегі фестивальдерге қатыстыруға мәжбүрміз. Ол жақта көрермен бар, мәдениет бар, кино өнері бар. Мысалы, Берлинде «Ақын» фильмі 2 апта көрсетілді. Барлық күнде аншлаг болды. Ал біз бүгін, 14 сәуірде Алматы, Шымкент қалаларында дәл осы фильмнің көрсетілімін жасайын деп жатырмыз. Алайда «зал тола ма екен?» деген қорқыныш бар. Бұл фильм Жапонияда да көрсетілді. Ол жерде де билеттер жылдам сатылып кетті.

Біле білсеңіз, шетелде фестивальдер ақылы түрде өтеді. Соның өзінде халық киноға барады. Ал бізде тегін болған күннің өзінде көрермен жоқ.

Фильм афишасы. Жарнама.

Бізде тағы бір техникалық проблема бар. Бұрын фильмге бюджет бөлінген кезде, соның 10%-ын фильмге жарнама жасауға қалдыратын. Сол заң қазір орындалмайды. Ол мәдениет министрлігіне қатысты ма, қаржы министрлігіне байланысты ма, білмедім. Сол болмағаннан кейін, жарнама да жоқ, даму да байқалмайды. Негізінде далада, ғимараттардың сыртында фильмдердің афишасы тұру керек. Ал бізде оған қаржы бөлінбеген. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызда афишаны бөлісіп жатамыз. Әрине, ол аздық етеді. Міне, қазақ өнерінің проблемасы – осы.

«Кино – идеология»

Қазіргі кезде идеология кино арқылы беріледі. Өзім бұл фильм экранға шыққан кезде қазақтың бүкіл жазушылары шулап көріп, қолдау білдіреді деп ойлағанмын. Күткенімдей болмады...

Негізінде белгілі бір фильм шетелдік байқауда жүлде алатын болса, бірден елімізде премьерасын істеп жіберу керек. Ол шулы, оқырманға қызық болып тұрған кезде, сұраныс та болады. «Темірді қызған кезде соқ» деп бекер айтпаған. Біз кеш қимылдаймыз. Бір фильм жүлде алса, көрсетілімге бірнеше ай немесе жылдан кейін шығып жатады. Оған көрерменнің баруы, әрине, екіталай!

Ұсыныс

Мұндай проблемаларды шешудің бірден бір жолы – мектепте «кино өнері» деген пән енгізу. Негізінде біз жеке киноинститут ашуымыз қажет. Сонда режиссерлерді, документалистерді, мультипликаторларды дайындай аламыз. Кезінде осы мәселемен Президентке хат та жазып көрдім. Бұл ойым елімізде кино өнерін қалыптастыруға және балаларды кішкентай кезден қазақша сөйлеуге тәрбиелейтіндей. Disney-ді көріп жүрген балаларымыздың ертең ағылшынша сөйлеп кетпейтініне кім кепіл?!

«Қазақстанда ешкімге керек емеспіз»

Біз шетелде ғана сұранысқа ие секілдіміз. Маусымда Парижде, қазан айларында Австрияда боламыз. Гонконг, Шанхай секілді қалалардан да ұсыныстар келіп жатыр. Ал Қазақстанда ешкімге керек емеспіз.

Биыл Канн фестивалінде басты жүлдені украин фильмі алады деп ойлаймын. Бұның бәрі саясатқа байланысты. Өнер кейде екінші орынға ығысып қалады. Соның өзінде ақын өлең жазып, режиссер фильм түсіріп, жазушы жаңа туындыны өмірге алып келуі керек. Фильм осы ой туралы.

Айта кетейік, бүгін 14 сәуір күні сағат 19:05-те және 22:35-те Dostyk Plaza-да «Ақын» фильмінің көрсетілімі болады. Сонымен қатар Шымкент қаласында 12:50-де және 19:00-де фильм көрсетіледі.

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ,

Bugin.kz порталы