Bugin
ҚР Парламентінде журналистердің жұмысына шектеу қойылды. ҚР Әділет министрі Қанат Мусин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде журналистердің Сенат ғимаратының жертөлесінде жұмыс істеуі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Кешегі Парламент қабырғасында БАҚ-қа қатысты қабылданған ережеде Президенттің ақпарат еркіндігі туралы айтып жүрген ұстанымдары ескерілмей қалды. Журналистер депутаттардан сұхбатты арнайы баннерде ғана алуы керек деген шешім қабылданды. Бүгін Сенатта журналистер жертөледе орналасқан баспасөз орталығында отыруға мәжбүр болды. Бұл Президент Жолдауы мен Конституцияның сөз бостандығы туралы талаптарына қайшы емес пе?» - деп сұрады БАҚ өкілі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Әділет министрінің айтуынша, бұл заңға қайшы емес.
«Әр орган журналистермен жұмысын ұйымдастырғанда өз ережесін шығарады. Мұнда журналистерге депуттармен қатынасып, сұрақ қоюға ешқандай шектеу қойылып отырған жоқ. Яғни әр мекеменің өз тәртібі болады. Мұның заңға ешқандай қайшылығы жоқ», - деп жауап берді Қанат Мусин.
Сондай-ақ ол БАҚ туралы жаңа заң әзірленіп жатқанын еске салды.
«Президенттің Жолдауын іске асыру үшін бұқаралық ақпарат құралы туралы жаңа заң шығарылады. Заң жобасы пысықталып жатыр. Қоғам мен журналистер тарапынан көтерілген мәселелер, Президент нұсқаған бағыттардың бәрі сол заң жобасында көрсетіледі», - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, Мәжіліске қайтарылған болатын.