Bugin
Соңғы үш жылда жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, халықаралық конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жоғары білім білім беру ұйымдарына грант беру арқылы қабылдау шарттары реттеледі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында айтылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.
Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогқа бюджет қаражаты есебінен біржолғы сыйақыны көтермелеу ұсынылды.
Сенат қабырғасында ұсынылған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында Әлеуметтік қызметкер кәсіби мінез-құлық этика нормаларын сақтауы және әлеуметтік қызмет кезінде жеке жоспарын құруы міндетті болатыны көзделген.
Сонымен қатар жобада шетелдік онлайн-платформалар және лезде хабар алмасу қызметтерінің заңды өкілдерінің мәртебесі мен міндеттері нақтыланған.
«Әлеуметтік желілердің жұмысын реттеу мәселелері туралы өзгерістер жұртшылықтың алаңдатушылығын тудырып отыр. Заң жобасында енгізілген бұл түзетулер Парламенттің қос палатасында қызығушылық танытқан мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестік өкілдері мен басқа да құлықты тұлғалардың қатысуымен бір жыл көлемде жан-жақты қарастырылды. Өзгерістер балаларға қатысты кез келген күш көрсетуден, оның ішінде отбасылық қатынастар, білім беру, денсаулық, ақпараттық кеңістік саласындағы орынсыз әрекеттерден қорғау механизмдерін дамытуды күшейтуге жол ашады деп есептейміз, сонымен қатар, Мемлекет басшысы ұсынған бастамаларды іске асыруға мүмкіндік береді», - деді Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен өз баяндамасында.