Bugin
Көршіміз сабасына түсер, бәлкім.
Егер Финляндия мен Швеция НАТО-ға мүше боламын деген ойынан айнымаса, Ресей де қарап қалмайды. Бұл мемлекеттерді өзінің дұшпаны деп қарап, қысымды күшейтпек. Осылай деп мәлімдеді Ресейдің экс-президенті Дмитрий Медведев.
Оның айтуынша, егер бұл мемлекеттер НАТО-ға қосылатын болса, онда Ресейге қарсы қауіп күшейеді де, шекарасын қорғауына тура келеді. Ал ол деген сөз – Ресей шекарасына мол әскер жинақтайды дегенді білдіреді.
«АҚШ Финляндия мен Швецияны қатарымызға қосылыңдар деп шақырудан талмайды. Мына жағдайлардан кейін тіпті күшейді. Солтүстік Еуропаны еліртіп жіберді. Ал біз не істемекпіз? Шекараны қорғауға кірісеміз. Жаяу әскерді күшейтіп, ПВО жүйелерін орнатамыз. Фин шығанағына теңіз күштерін жинаймыз», - деп жазды Медведев Телеграм-парақшасында.
Оның ойынша, әскерді күшейтудің, шекараға топтастырудың соңы соғысқа ұласуы ғажап емес.
«Швеция мен Финляндияның жұрты тыныш жатыр еді, билігі НАТО-ға қосыламыз деп шулады. Халық баға мен салықтың өскенін қаламайды. «Искандер» мен гипердыбысты зымыранның дауысынан кім шошып оянғысы келеді?! Жанында ядролық бомба арқалаған кеменің торуылдып жүргеніне кім шыдас берсін?! Сондықтан солтүстіктегі көршілеріміз сабасына түсер деген ойдамыз», - деп қыр көрсетті экс-президент.
Айта кетейік, Ресей бұған дейін тағы бір мемлекетке НАТО-ға мүше болсаңдар, бастарыңа қара бұлт үйіремін деп қорқытқан еді. Нақтырақ айтсақ, Босния мен Герцеговинаға мықтап қыр көрсеткен еді.