Bugin
ҚР экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев КТК телеарнасының акцияларын сатып алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы bessimptomno telegram-арнасына сілтеме жасап.
Арнаның хабарлауынша, «Коммерциялық телеарна» АҚ-ның 2 396 156 жай акциясын бір акция үшін 500 теңгеден «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» жеке қоры ұсынған негізгі акционер сатып алды. Мәміленің жалпы сомасы - 1 198 078 000 теңге. Коммерциялық емес ұйым төлем ретінде медиа жабдығын берді.
28 ақпанда «ҚТК» телеарнасы акционерлер жиналысында 2 622 850 дана жай акция шығару арқылы АҚ жариялаған акциялар санын 8 152 925 данаға дейін ұлғайту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ал 14 наурызда акционерлер жиналысы акцияның осы санын (2 622 850 жай акция) сатуға шығару туралы шешім қабылдады.
«Коммерциялық телеарна» АҚ-ның акционерлері:
– «TV Media Advertising Agency» ЖШС жалпы 321 470 дауыс арқылы акцияның 5,81 пайызына иелік етеді.
– «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» АҚ жалпы 5 051 653 дауыс арқылы акцияның 91,36 пайызын иемденді.
«Нұрсұлтан Назарбаев қоры» жеке қорының негізін қалаушы – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Директоры – оның қызы Дариға Назарбаева.
«TV Media Advertising Agency» ЖШС Қазақстандағы ең ірі жарнама агенттігі болып табылады. Оны Валерий Сафонов басқарады. Сонымен қатар ол ондаған жылдар бойы Дариға Назарбаевамен байланысты жарнама бизнесімен айналысады.
Осылайша, Дариға Назарбаева екі құрылым арқылы КТК телеарнасын бақылауды жалғастырып отыр», - делінген bessimptomno арнасы келтірген ақпаратта.