Қоғам

Құжаты бар, өзі жоқ оқу орны. Бұл қалай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы облысының Үшарал қаласында болашақ тіс дәрігерлері, медбикелер мен фармацевтерді оқытатын колледждің қағаз жүзінде атауы бар, ғимараты жоқ болып шықты. Ал студенттер екі жылдан бері үйде отырып, онлайн білім алған. Тәлімгерлер өздеріне үш мұғалімнің ғана дәріс оқығанын айтады. Құжат қабылдаған «Талант-К» медициналық колледжінің басшылығы пандемияны сылтауратып, ғимарат мәселесін шеше алмай келеді. Ал тек қашықтан білім алған студенттерді аурухана мен емханалар тәжірибеден өткізуден бас тартыпты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап. 

Студенттер «Талант-К» медициналық колледжінің басшылығы біздерді алдады деп айыптайды.

«Сабақтар бірінші жылы ғана онлайн, әрі қарай офлайн өтеді. Сіздерге ғимаратты жалға алып береміз. Өйткені, 260 мың теңгенің 50 мың теңгесі жалға алуға кетеді» деді. Ал қалған 210 мың теңгенің білім үшін төленетінін айтты. Алайда бізге үш мұғалім төрт пәннен сабақ береді», – деді «Талант-К» медициналық колледжінің студенті Құралай Кәкімжанова.

Ал колледж құрылтайшысы студенттердің сөзін жоққа шығарды.

«Біздің колледжде 3 мұғалім ғана сабақ береді деген жалған ақпарат. Штатта 18 мұғалім жұмыс істейді», – деді «Талант-К» медициналық колледжінің құрылтайшысы Әсел Омарова.

Құжаты бар, бірақ ғимараты жоқ колледж студенттері ең алғаш білім ордасына түскенде құжаттарын дүкенге келіп тапсырған. Дүкеннің сыртында «қабылдау комиссиясы» деп жазылған және есігінде медициналық «Талант-К» колледжінің қандай мамандықтар бойынша оқытатыны, қандай құжатпен қабылдайтыны жазылған.

«Мен осы дүкеннің иесімін, оны жалға беріп отырмын», – деді Үшарал қаласының тұрғыны Ләззат Ермұзанова.

Ал Алматыдан арнайы келген колледжінің ерлі-зайыпты басшылары «Талант-К» медициналық колледжі екі жыл бұрын Алматыда ашылды, студенттер сол жерде қабылданды. Ал білім алушылар колледж ашылған күннен бүгінгі күнге дейін пандемияға байланысты онлайн оқыдық деп отыр.

Колледж директоры Талант Омаров әкімшіліктен студенттерді жергілікті ауруханаларда тәжірибеден өткізуге көмек сұрап отыр.

«Балалар демалысқа кеткен кезде біз қайтадан келісімшарт жасасып, қыркүйекке дейін ғимарат қарастырып қоямыз», – деді ол.

Алайда аудандық аурухананың бас дәрігері «Талант-К» медициналық колледжінің студенттерін тәжірибеден өтуге қабылдаудан бас тартты.

«Екі жылдан бері «Талант-К» колледжінің студенттері ғимаратта отырып сабақ оқыған емес. Біз қабылдай алмаймыз. Себебі стандартқа сай келмейді», – деді Алакөл аудандық ауруханасының директоры Асхат Бутабаев.

Ал Алакөл ауданының әкімі колледж басшылығының Үшаралдан ғимарат салуға жер сұрағанын, конкурс жарияланбағандықтан жер әлі берілмегенін айтты. Ал Үшарал бойынша оқитын 118 студент құқық қорғау орындарының кешенді тексеру жүргізгенін қалайды.