Bugin
БҚО тексеру комиссиясы облыстық білім басқармасының қызметіне коронавирустық пандемия кезеңінде мектептерге жабдықтар сатып алуға бөлінген қаржының жұмсалуына тексеріс жүргізді. Нәтижесінде бірталай былықтың беті ашылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.
Тексеру комиссиясының сайтында аудиторлық есеп қорытындысы жарияланды. Онда 2020 жылы оқшаулау кезінде пандемияға байланысты ҚР Үкіметі резервтен мектеп оқушыларын онлайн-оқытумен қамтамасыз етуге 2,3 млрд теңге бөлінгені жазылған.
«Басқарма 1558 компьютер, 2018 планшет және 11 394 ноутбук сатып алды. Жабдықтар мектептерге таратылды. Аудит барысында 12 аудан мен облыс орталығында 2018 планшеттің 711-і (35%) жұмыс істемейтіні анықталды. Басқарма жабдықты жөндеу және ақауларды жою бойынша шаралар қабылдаған жоқ», – делінген есепте.
Сонымен қатар білім басқармасының шенеуніктері жалпы сомасы 895 мың теңгеге алынған 358 Wi-Fi адаптерін таратпаған. Олардың барлығы білім бөлімінің қоймаларында жатты, ал мектептер интернетке қосылу мәселесін өздері шешті.
«Кейбір қалалық мектептерде әкімшілік қосымша ноутбуктер мен планшеттерді алды. Мысалы, №6, 17 және 19. Сонымен қатар алынған техниканың көп бөлігі оқушыларға таратылмады, өйткені мектептерде өз жабдықтары жеткілікті болды. Осылайша, бюджет қаражаты білім беру мекемелеріне қажет емес техникаға бөлінді», - дейді олар.
Аудиторлар есебінде мемлекеттік сатып алулар бойынша интернет төлеміне бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер бөлінетіні ескерілмегені айтылған. Нәтижесінде бұл мақсатқа 47 млн теңге жұмсалды, бұл қажеттіліктен 2 есе көп болып шықты.