Bugin

Украин музыкасы туралы не білесіз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Bugin.kz порталы оқырманды Украин мәдениетімен таныстыруды жалғастырады. Кез келген елдің мәдениетінің ажырамас бөлігі музыкасы болып табылады. Ол арқылы халықтың көңіл-күйін, ішкі сезімдерін, тіпті қоғамдағы өзекті мәселелерден хабар алуға болады.

Украин музыкасының тарихы Киев Русін мекен еткен шығыс славян халықтарынан бастау алады. XI ғасырдың алғашқы жартысында салынған София шіркеуінің сырты әртүрлі музыкалық аспаптардың суретімен безендірілген. Ал музыканың кәсіби түрде дамуы фольклормен тікелей байланысты. Оның ішінде украин думаларын ерекше атап өтуге болады.

Дума – XVI-XVIIІ ғасырдағы казактардың өмірі туралы баяндалатын украин ауыз әдебиетінің лирикалық-эпикалық шығармасы. Шығарманың басы ән айтумен басталып, кейін оқиға айтылып, қорытындымен біткен. Көбінесе батырлардың ерліктері, соғыс пен тұрмыстық мәселелер жайлы ән салған. Думаны айту музыкалық шеберлікті талап етеді. Сол себепті тек кәсіби музыканттар ғана бұл композицияны орындайтын болған.

Николай Лысенко Украин ұлттық музыкасының негізін қалаушы болып саналады. Ол – композитор, пианист және хор дирижері. Лысенко Украинаның рухани әнұранына айналған «Боже, великий, единый» хорына музыка жазды. Халық әндерін өңдеп, 10 опера жазды. Оның ішінде «Рождественская ночь», «Утопленница», «Наталка Полтавка», «Тарас Бульба», «Энеида» және жүздеген басқа музыкалық шығармалар бар. Николай Лысенконы украин музыкасының атасы деп есептейді.

Украинаның музыкалық аспаптары

Аспаптарды жасау барысында ағаш, жануарлардың терісі сияқты қолжетімді заттарды қолданған. Кейінірек металдан жасала бастады. Украинада кобза, бандура, лира, скрипка, басоля, сопилка, трембита, цимбалы, барабан, бубен сияқты ұлттық музыкалық аспаптардың түрлері көп.

Бандура – шертпелі ішекті аспап. Украинаның ең танымал музыкалық аспабы және әлі күнге дейін қолданысқа ие. Бірінші бандурада небәрі 12-20 ішек болған. Бірақ уақыт өте келе жетіліп, саны 53-70 аралығына жетті. Аспап негізінен Польшадан келген. Украиндар өздері шамалы детальдар қосып, ұлттық аспапқа айналдырды. Бандурамен ертегі мен балладалар айтылады. Бандураның тембрі бөлек. 

Сопилка – сыбызғыға ұқсас үрмелі аспап. Украинадағы ең көне және халықтың сүйікті музыкалық аспаптарының бірі. Бұл аспап туралы деректер шығыс славяндардың XI ғасырдың ежелгі шежірелерінде кездеседі. Негізінен ағаштан, кейде қабықтан жасалады. Түрі өте қарапайым көрінгенімен, аспаптың жасалуы үлкен шеберлікті талап етеді. Дыбыс таза шығуы үшін шеберлер барлық өлшемдер нақты болуына мән беруі қажет.

Трембита – Украинаның оңтүстік-батысында, Карпатта таралған аспап. Аспап қайыңның қабығымен оралған6 ұзын ағаш түтікке ұқсайды. Соңына қарай құбыр сәл кеңейеді. Трембитаның ұзындығы 4 метрге жетуі мүмкін. Әдетте трембита найзағай түскен ағаштан ғана жасалады. Оны жасау үшін ерекше шеберлік қажет. Өйткені аспаптың қабырғасы 7 мм-ден аспауы керек. Трембитаның дыбысы ұзақ шақырымға жетеді. Сондықтан оны Карпат шопандары төтенше жағдайды хабарлауға қолданады. Трембитамен жерлеу рәсімі мен үйлену тойы өтеді. Қазір аспап фольклорлық топтарда және оркестрде қолданылады.

Танымал музыка майталмандары

Украина – таланттарға толы мекен. Музыка саласында жетістікке жетіп, шетелдік көрерменді мойындатқан таланттардың саны толастаған емес. Назарларыңызға музыка арқылы Украинаны әлемдік аренаға танымал еткен бірқатар өнер майталмандарын ұсынамыз.

Роман Кофман – 1990 жылдан бері Киев Ұлттық филармониясының бас дирижері. 2003-2008 жылдары Бетховен атындағы Бонн симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарған. Украина тарихындағы Батысеуропалық опера театрында жетекші қызметте болған алғашқы және әзірге жалғыз музыкант. 80-нен астам шетелдік оркестрлермен жұмыс істеп көрген. Британдық «The Telegraph» басылымы Кофманды қазіргі таңдағы ұлы дирижерлердің бірі деп бағаласа, немістің «Sueddeutsche Zeitung» басылымы 20 үздік дирижердің қатарына кіргізген.

Джамала (Сусана Джамаладинова) – әнші, Украинаның халық әртісі. 2009 жылы «Новая волна» байқауында бас жүлдені иеленген. Әнші украин, орыс, ағылшын және қырым-татар тілінде ән шырқайды. Джамала джаз, соул, фанк, фолк, поп сынды түрлі стильдерде ән айтып, опералық қойылымдарда да өнер көрсетеді. 2016 жылы «Eurovision» байқауында бірінші орынға ие болды.

Виктория Полевая – композитор және пианист. Оның шығармалары батыста АҚШ-тан бастап, шығыста Корея мен Сингапурдегі залдарда классикалық музыка тыңдармандарының ықыласына бөленді. 2013 жылы американдық атақты «Kronos Quartet» ансамблі украиндық композитордың шығармасын орындады. Виктория Полеваяның шығармаларын әлемнің үздік музыканттары өз репертуарларына қосқан. 2018 жылы Украинада Тарас Шевченко атындағы Ұлттық премияның лауреаты атанды. Бұдан бөлек көптеген шетелдік музыкалық марапаттарды иеленген.

Украина әлемге вокалдық байқаулары арқылы да танымал. «Голос страны» ән байқауына қазақстандық әншілер жиі қатысады. Көрермен де бұл байқауды көргенді ұнатады.   

«Голос страны» - түпнұсқасы «The Voice of Holland» шоуынан алынған, вокалдық-телевизиялық шоу. Украинаның «1+1» телеарнасынан көрсетіледі.

Қазірге дейін 12 рет ұйымдастырылған. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы отандастарымыз Индира Еділбаева мен Ерлан Байбазаров бұл байқаудың финалистері атанған.

                          Украиндықтар қандай ән тыңдайды?

Spotify музыкалық қызметінің жүргізген зерттеуі бойынша украиндық тыңдарманның  көпшілігі поп (26%), классикалық (25%) және халық әндерін (21%)  сүйіп тыңдайды. Сонымен қатар шансон (18%),  рок (14%), және джаз (7%) жанрындағы әндерге де сұраныс бар. Әйелдер қауымы таңдауда классикалық және поп-музыкаға басымдық береді. Ал ерлер арасында рок, шансон және электронды музыка танымал.

Украина халқы көбіне шетелдік және ресейлік әншілерді тыңдайды. Украина әншілерін насихаттау мақсатында 2016 жылы радио мен теледидарда тілдік квоталар енгізілді. Заңға сәйкес, радио эфиріндегі украин тіліндегі әндердің үлесі кем дегенде 30% болуы керек. Тіл квоталарын енгізу продюсерлердің, орындаушылар мен дыбыс жазу студияларының жұмысын жандандырды. Яғни Украинаның шоу-бизнес индустриясы екінші дем алды.

Украин музыканттары ел ішінде де, шетелде де қарқынды жұмыс атқаруда. Тыңдарман көңілінен шығатын ән жазу, әлемдік байқаулардың жүлдегері атану, музыкалық платформалардың тізімінде алғашқы қатарлардан табылу  - әр өнер адамының міндеті. Себебі, осы арқылы тыңдарманнан лайықты бағасын алып, өз елінің атын әлемге таныта алады. 

Авторы: Айым Еркінбекқызы