МӘДЕНИЕТ
Украина аумағындағы театрдың алғашқы элементтері халықтық дәстүрлер мен рәсімдерден көрінді. Олар көбінесе киім ауыстыру, үш актілі сюжеттер, актерлік, би және музыканың үйлесімін қолданды. Мұндай рәсімдерге Рождество, көктемгі рәсімдер (веснянки), Иван Купала мерекесі, үйлену және жерлеу рәсімдері жатады.
Ресми түрде Украина аумағындағы театр қойылымдары туралы XVII ғасырдың екінші жартысында айтылған. Театр өнері Украинаға батыстағы иезуиттер арқылы келіп, ел аймағына тарап кеткен.
Украина аумағында жүзден аса кәсіби театр жұмыс істейді. Соңғы онжылдықта Украинада жаңа бағыттағы көптеген театрлар ашылуда. Көше театрлары, отты шоу көрсететін театрлар және басқа да алуан түрлі жанрдағы театрларды атауға болады. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек.
«Крик» театрын Украина Халық әртісі Михаил Мельник құрған. Театрдың басты өзгешелігі – бұл бір адамның театры. Себебі, актер, режиссер, сценарист, музыкалық редактор сынды барлық қызметтердін барлығын бір адам атқарады. Михаил Мельник 1987 жылы Днепропетров монтаж техникумында шағын студия ашып, қойылымдар қоя бастайды. Кейіннен қала тұрғындары арасында танымалдылыққа ие болады. 1990 жылдан бастап Крик театры тек Украина ғана емес, шетелде де өнер көрсете бастады. 2012 жылы қарашада театрға академиялық дәреже берілді.
Грех - «Крик» театры - www.theater-krik.com
«Прекрасные Цветы» театры 2011 жылы құрылды. Харковь өнер университетін бітірген жас актерлар Артём Вусик, Игорь Ключник, Денис Чмелевтің бастамасымен пайда болған. Театрдың ерекшелігі түрлі эскперименттерді жасауға қорықпайтынында. Театр актерлері жаңа фанк-футуризм жанрын ойлап тапты. Бұл жанрда алғаш рет «Крыса» дыбыссыз, комедиялық детектив қойылымын көрерменге ұсынды. Осыдан кейін театрдың танымалдылығы артты. Қойылымдар дыбыссыз болса да, қимыл арқылы тұрмыстық мәселелерді стандартты емес, өзгеше тәсілдермен ұсыну аталған театрды өзгелерден ерекшелендіріп тұр.
«Крыса» қойылымы - «Прекрасные Цветы» театры - kh.vgorode.ua
«Черный квадрат» – актерлердің сахнадағы импровизациялық ойынымен ерекшеленетін Украинадағы жалғыз импровизация студиясы. Бұл - қойылым дәл сахнада туатын ерекше ойын әдісі. 1994 жылдың қысында студияда қойылымға дайын болмау туралы мәселе туындайды. Көрерменге не көрсету керектігін шұғыл түрде шешу керек болды. Актерлер толықтай импровизациямен ойнаймыз деп келіседі. 1994 жылы 18 желтоқсанда 60 адамнан құралған "Черный квадрат" атты алғашқы импровизациялық шоу көрсетілді. Қойылымның қызық болғаны соншалық, бұл тәсіл студияның негізгі форматына айналды.
«Лучшая половинка меня» қойылымы - «Черный квадрат» театры - od.vgorode.ua
Тәуелсіздік жылдары украиндықтар театрға сирек баратын болды. 1990 жылдары бір жылда театрға 17,6 миллион адам барса, қазір бұл сан жылына 6,7 млн адамды құрайды.
Украинада жыл сайын тұрақты түрде халықаралық театр фестивальдары ұйымдастырылады. Оларға «Киев майский», «Золотой Лев», «Лестница», «Драма. UA» сынды фестивальдарды жатқызуға болады.
Украин кинематографиясының тарихы
1893 жылы Одессадағы Новороссийск университетінің бас механигі Иосиф Тимченко заманауи кинопроекцияға арналған аппараттың прототипін құрастырды. Кейін сол құрылғыларға шабандоздар мен найза лақтырушы спортшыларды түсірді. Түсірілген бейнематериал 1893 жылдың 7 қарашасынан 20 желтоқсанына дейін Одессадағы «Франция» қонақ үйінде көрсетілді.
Алғашқы украиндық фильм «Запорожская Сечь» 1911 жылы Даниил Сахнеконың режиссерлығымен түсірілген. Осыдан соң театр қойылымдары экранизацияланды.
1919 жылдан бастап кеңестік Украинада кино толығымен мемлекет меншігіне өтті. 1922 жылы «Украина фото және кино» басқармасы құрылды. Көптеген фильмдер Одессада түсірілді. 1925 жылы Сергей Эйзенштейннің «Броненосец Потемкин» фильмі жарық көрді. Ол әлемдік киноның үздік ондығына кірді және Одессаның визит картасына айналды.
Ұзақ уақыт бойы украиндық кинематография саласы кеңестік немесе ресейлік киномен байланысты болды. Алайда бұл Украинада бұл сала дамымаған деген сөз емес. Соңғы 5 жыл ішінде украин киносы өзінің жаңа, төл өнімін жасауда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Украиндық танымал фильмдердің тізбегін ұсынамыз.
«Слуга народа» – ресейлік режиссер Алексей Кирющенко түсірген украиндық телесериал. 2015 жылы 16 қарашада Украинаның «1+1» телеарнасынан көрсетілген. Бас кейіпкер тарих пәнінің мұғалімі Василий Петрович Голобородьконың Президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынуы және өміріндегі түбейгейлі өзгерістер сериалдың сюжетіне арқау болған. Басты рөлді Украинаның қазіргі Президенті Владимир Зеленский сомдайды. Саяси комедия 2015 жылы Украиндағаы рейтингі ең жоғары сериал болды. 2017 жылдың қыркүйегінде «Студия Квартал 95» студиясы сериалды көрсету құқығын әлемдегі ең ірі платформа Netflix-ке сатты. Қазіргі таңда сериалды ағылшын тілінде субтитр арқылы көру мүмкіндігі бар.
Сериал АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея елдеріндегі халықаралық фестивальдарда марапатталып, «WorldFest Remi Award» кинопремиясының лауреаты атанды.
kvartal95.com
«Захар Беркут» – Украина мен АҚШ бірлесе түсірген көркем фильм. Режиссерлері Ахтем Сеитаблаев пен Джон Винн. Тарихи повесть желісімен түсірілген фильм 2019 жылы 10 қазанда прокатқа шықты. Фильм сюжеті 1241 жылы болған оқиғаны баяндайды. Моңғол қолбасшысы Бұрындай басқарған орданың батысқа қарай жылжып, тұтқындарды басып алу жолы. Жауға қарсы Захар Бүркіт бастаған аңшылардың жауды біржола тоқтату жоспары фильмде толықтай баяндалады. Түсірілім Карпат тауларында өткен. Фильм Испания, Франция, Италия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Жапония мен Үндістан елдерінде көрсетілген.
www.kinopoisk.ru
«Племя» – режиссер Мирослав Слабошпицкийдің драмасы. Фильмде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған жасөспірімдердің интернеттағы қиын тағдыры көрсетіледі. Таспа дубляжсыз және субтитрсіз ым тілінде түсірілген. Ал фильмнің басты кейіпкерлері кәсіби актерлер емес, қарапайым жасөспірімдер. Фильм 2014 жылы Канн кинофестивалінде үш марапатқа ие болды.
horoshienovosti.com
Бұл мысалдар арқылы украин кинематографиясы эксперименттер жасауға және жаңашылдыққа ашық екенін байқауға болады. Кино сарапшылардың пікірінше, украин киносының дамуы үшін бірнеше факторларға мән берген жөн:
- Аймақтарда кинотеатрлар санын көбейту;
- Жалпы аудиторияға арналған украин фильмдерін көбірек түсіру;
- Украин фильмдерін насихаттауға мемлекет тарапынан көмек.
Театр мен кино – мәдениеттің айнасы. Себебі, қойылымдар мен фильмдер арқылы сол елдің тарихын, бүгінгі толғандыратын мәселелерін, болашаққа деген көзқарасын білуге болады. Украина аумағындағы қазіргі жағдай мәдени институттардың жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Мәдениет ошақтары жабылып, шетелдегі іс-сапарлар кейінге шегерілді. Елде саяси тұрақтылық орнағаннан кейін Украина мәдениетінің жаңа кезеңі басталады. Себебі, тарихта саяси дүрбелеңнен кейінгі мәдениеттің дамуында айқын ерекшеліктер орын алады.