Bugin
Тұңғыш Президент туралы заңға өзгерту енгізілмейді. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Тұңғыш Прзидент туралы заң жайында айтар болсақ, тағы да қайталаймын, Қазақстан Конституциясы бойынша заңнамалық бастама жасау құқығы үш субъектіге – Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына тиесілі. Әділет министрлігі мемлекеттік орган ретінде заңнамалық бастама жасай алмайды. Соған орай Тұңғыш Президент туралы заңнаманың күшін жою немесе өзгертулер енгізу туралы Парламентке ұсыныс енгізу құқығы жоқ», - деп атап өтті Қанат Мусин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның айтуынша, аталған заңға өзгертулер қажеттігі Қазақстан қоғамының пікірін ескере отырып, қабылданатын болады.
«Ол Мәжіліс депутаттарының, сонымен қатар заңнамаға бастама жасай алатын өзге де субъектілердің өкілеттіктері арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Сондықтан «заңнамаға өзгертулер енгізіле ме?», «қашан енгізіледі?» деген сауалға жауап бере алмаймын. Өйткені бұл мәселе Парламент Мәжілісінің күнтәртібінде тұрған жоқ. Болашақ көрсетеді», - деді министр.